9.06.2016, 16:11
Оқылды: 25

«Мемлекеттік аппаратта жұмыс істегісі келетіндер көп»

Donovka esep    ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов халық алдында есептік кездесуін өткізді. Бұл кездесуді еліміздің өзге өңірлерімен бірге батысқазақстандықтар да онлайн режимінде көрді.

    «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында өткен шараға қоғамдық ұйымдар, бизнес, квазимемлекеттік сектор, бюджеттік сала, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері, мемқызметшілер, жастар қатысты.


        Министрдің айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленгендей, кәсіби мемлекеттік аппарат құру бағытындағы іс-шаралар биылдан бастап кең көлемде қолға алынуда. Соған орай министрлікке қазақстандық мемқызметті жетілдіру мен модернизациялауға, сыйбайлас жемқорлық әрекеттерін алдын алуға, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалауға және оларды көтеруге атасылсу сынды міндеттер қойылып отыр. Қазақстандықтардың мемлекеттік аппаратқа артқан үмітін ақтау үшін министрлік өз тарапынан тиісті іс-шараларды қолға алуда.

     -Республикамыздағы мемлекеттік қызметшілердің жалпы штаттық саны шамамен 99 мың адамды құрайды. Оның ішінде әкімшілік мемлекеттік қызметшілер саны 98464 адам. Ал оның «Б» атқарушы корпусында 97971 адам бар. Бұл - біздің мемлекеттік қызметтің ядросы.  «А» басқарушы корпусында 493 және саяси мемлекеттік қызметшілер қатарында 422 адам бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтегі орташа жас 35 жасты құрайды. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жұмыс істей бастаған сәттен бері мемлекеттік аппаратқа жұмысқа орналасу жағдайы айтарлықтай көтерілді, 1 бос орынға сынға түскен үміткерлердің саны біршама өсті. Өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік органдарға келушілер қатары 5 есе артса, мемлекеттік қызметтен кету деңгейі 2 есеге жуыққа қысқарды. Еліміздің мемлекеттік қызметшілері қатарында гендерлік теңдік бар. Нақты айтқанда, еліміздегі мемлекеттік қызметшілерінің 48 пайызын әйелдер құрап отыр, - деді Т.Донақов.

   Жиын барысында министр мемлекет бiрнеше жыл қатарынан мемлекеттiк қызметкерлердi әлеуметтiк қорғауды кезең-кезеңімен қамтамасыз етiп, еңбекақы көлемін арттырып келе жатқандығын да айтып өтті. Мемқызметкердің жалақысы соңғы рет 30%-ға көбейген. Мемлекеттiң қаржылық мүмкiндiктерiне байланысты болашақта тағы да еңбекақы көлемiн арттыру  бойынша қосымша шаралар қабылданатын болады. Сондай-ақ, «Мемлекеттiк қызмет туралы» жаңа заң бонустар мен үстемелер төлеу мүмкiндiгiн қарастырады. Бүгiнгi таңда мемлекеттiк қызметке бағалау жүйесi енгiзiлдi. Қазiр ол бейiмделу кезеңiнен өткiзiлуде, бұйыртса келесi жылдан бастап бұл жүйе толыққанды iске қосылмақшы.

    Кездесу соңында министр залдан, өңірлерден қойылған және министрліктің сайтына келген сұрақтарға жауап берді.

  Бейнеконференция аяқталғаннан соң ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мирболат Нұртазин мемқызметке, заңдағы өзгерістерге қатысты мәселелер туындаса департаментке хабарласуға болатын жеткізді.

www.zhaikpress.kz
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале