1.07.2016, 21:40
Оқылды: 21

Ең маңызды жоба іске қосылды

kondensatБүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының Индустриалды-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы: 2016 жылдың I жартыжылдық қорытындысы» атты кеңес өтті. Телекөпір форматындағы кеңес барысында индустрияландыру бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланды.


Сондай-ақ екінші бесжылдық бағдарламасы бойынша бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Олар: Павлодар облысы Екібастұз қаласындағы «R.W.S. Wheelset» ЖШС (теміржол білігі мен қос дөңгелек шығаратын зауыт) мен «GreenhouseKZ» ЖШС (голландтық раушандар өсіретін жылыжай кешені), Алматы қаласындағы «Эфко Алматы» ЖШС (май өнімдерін шығару кешені, Астана қаласындағы «Ipek Kagit Central Asia» (санитарлы-гигиеналық және тұрмысқа қажет қағаз өнімдерін өндіру зауыты), «Петропавл трактор зауыты» ЖШС, Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Майлыошақ ауылындағы «Lotus Food Company LLC» ЖШС (тез әзірленетін тағам өндіру зауыты), Ақтау қаласындағы «Kazakhstan Pipe Traders» ЖШС (мұнай құбырларын өндіру зауыты) және Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы «Конденсат» АҚ (мотор майлары өндірісі).
Шара барысында индустриаландыру нәтижесінде әлеуметтік дамуын нығайтқан үш өңір таныстырылып, индустриаландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асырудың жаңа қадамдары көрсетілді.
Осыдан кейін «Әлеуметтік индустриализация» атты фильм көрсетіліп, Мемлекет басшысы жаңа жобаларды іске қосуға рұқсат берді. Солардың қатарында Ақсай қаласындағы түбегейлі жаңғыртудан өткен мотор майлары өндірісі бар.
Телекөпір барысында «Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісов, зауыттың байырғы қызметкері Сырым Қожантаев сөйледі.
Нысанды іске қосуға рұқсат берген Мемлекет басшысы бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
Осы шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жаңа жобаның маңызына тоқталды.
-Бүгінде облыс бойынша 330 млрд. теңгенің 42 жобасы жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың ішінде тек осы «Конденсат» АҚ-ның жобасы ғана республикалық Индустриализация картасы аясында жүзеге асырылуда. Жобаның құны 45 300 млн. теңге, осы қаражаттың 40 пайызын кәсіпорынның өзі төлесе, қалған 60 пайызын «Қазақстанның Даму Банкісі қаржыландырды. Бұл жоба 2012 жылдан бастап қолға алынды. Осы жобаның аясында 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ. «Конденсат» АҚ елімізде тұңғыш рет экокласты К5 бензин өндірісін іске қосуда. Өндіріс Кеден Одағының техникалық регламент талаптарына сай жоғары октанды этильденбеген бензин шығаруға бағытталған. Бұл жобаның артықшылығы сол, ендігі жерде облыс пен көршілес өңірлер енді Ресейдің жоғары сапалы жанармайына тәуелді болмайды. Жобаның заттай қуаттылығы жылына 200 мың тонна экокласты К5 бензинін өндіруге және 380 мың тонна өзге де өнімдер өндіруге қажетті 600 мың тонна шикізатты құрайды. Кәсіпорын өнімі нарықтағы бағадан қымбат болмайды. Бәрі алынатын шикізат құнына байланысты, егер зауыт өнім өндіруге қажетті шикізатты мол әрі тиімді бағамен алса, әрине, оның бағасы да қолжетімді болмақ,-деді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
«Конденсат» АҚ басқарма төрағасы Валерий Жүнісовтің сөзінше, кәсіпорынның жоғары сапалы жанар-жағармайына қазірдің өзінде қызығушылар көп. Өңірімізді былай қойғанда, көршілес аймақтың да жанар-жағармай операторлары келісімшартқа отыруда. Көп ұзамай жергілікті жанар-жағармай өнімдері саттыққа шығарылмақ.

www.zhaikpress.kz

Айша Өтебəлі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале