19.07.2016, 15:11
Оқылды: 45

Алматыда атыс жасаған Күлікбаев бұрын жазасын Орал түрмесінде өтеген

Алматыда            Бұл туралы бүгін Оралға келген Антитеррористік орталық өкілі мәлімдеді. Брифингте орталық өкілі кеше Алматыда болған террорлық актіге қатысты тілшілердің сауалдарына жауап берді.


- Ақтөбедегі оқиғадан кейін 6 маусым күні ел бойынша террористік қауіптіліктің сары деңгейі жарияланған еді. Кейін ол тағы бір айға созылған болатын. Кеше Алматы қаласында болған оқиғадан бәріңіз хабардар шығарсыздар. Сондықтан антитеррористік операцияның хронологиясына тоқталмай-ақ қояйын. Оқиға орын алған таңғы 10:15-тен бастап қылмыскерлер толық оқшауланған сағат 14:00-ге дейін 5 адам: үш полиция қызметкері, 1 әскери, 1 бейбіт тұрғын қаза тапты. Жеті адам жарақаттанды, оның алтауы полиция қызметкерлері. Ұсталған Күлікбаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 255-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның сыбайласы да анықталды. Оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Күлікбаев Русланның бұған дейін екі рет сотталғаны анықталды. 2010 жылы Шымкент қаласында ҚР Қылмыстық кодекстің 178-бабының 2-бөлігі бойынша (зорлық көрсете отырып тонау) сотталған. 2012 жылы 251-бап (қаруды заңсыз сатып алу және сақтау) бойынша екі жыл 11 айға бас бостандығынан айырылған. Жазасының бөлігін Орал қаласындағы РУ-170/2 түзету мекемесінде өтеп, бір жыл бұрын бостандыққа шыққан. Кешегі атыстың алдында бір адамды өлтірген,-дейді фамилиясын жариялаудан бас тартқан Андрей есімді Антитеррористік орталық өкілі.

Алматы қаласында жарияланған террорлық қауіптің қызыл деңгейі кеше кешкісін сары деңгейге ауыстырылды.

-Халықты интернет ресурстарында жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Ал сайт модераторларының тексерілмеген ақпарат жазылған пікірлерге мұқият болғаны дұрыс,-деді Антитеррористік орталық өкілі. Ол террорлық қауіптің сары деңгейі 16 шілде күні тағы бір айға ұзартылғанына қарамастан Батыс Қазақстан облысында жағдайдың қалыпты екенін айтты.

Брифингте БҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы Мағауия Құрмашев облыстық ішкі істер басқармасы, қалалық және барлық аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын Алматыдағы атыстан қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасына аударатынын мәлімдеді.

Нұрлыбек Нұрланұлы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале