21.07.2016, 17:11
Оқылды: 121

Эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің ғылыми қоғамы құрылады

DMS_2460 - копия

Мұндай ұсынысты Оралдағы «Жайық Пресс» медиахолдингінде өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми семинарда тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшірбек Муминов айтты. 

-Қазақ құлпытастарынан ислам өркениетімен келген мәдениетті де, көне түркі дәстүрінің жалғасын де көруге болады. Біз ескерткіш тастарды «құлпытас», «сандықтас» дегенімізбен, оны жасаушы шеберлердің «балбал» терминін қолданғанын осы жолы Ордадағы Хан зиратын зерттеп келген ғалымдар айтып отыр. Мұның өзі көне түркіден жеткен жалғастықты білдіреді. Біз ХҮІІІ-ХХ ғасырлардың ескерткіштерін менсінбей қарамауымыз қажет, себебі олардан бұрынғы ескерткіштер сияқты бұлар да жоғалудың аз-ақ алдында тұр,-деді семинарда ғалым Әшірбек Муминов.

Қазақ құлпытастарының функциясына тоқталған ғалым: «Біріншіден, олар мемлекеттік шекара белгісі ретінде қызмет атқарған. Еліміз бойынша осы Батыс Қазақстандағыдай жұмыс атқарылса, құлпытас таңбаларына қарай отырып, сол кезеңдегі территориямыз анықталар еді. Екіншіден, отырықшылық мәдениетіне көп мән бергенімізбен, көшпелі қоғам қалыс қалып жатады. Ал құлпытастарда ру, тайпа көрсетілуіндегі мақсат – сол кездегі қоғам ішіндегі ынтымақты, бірлікті, ағайындықты білдіру. Бұл жағынан да құлпытастар сол кезде аса маңызды рөл атқарды деп ойлаймын» деді.

DMS_2422-Жуырда Жапонияда ғылыми семинарға қатыстым. Токио зерттеулер институты ұжымымен сөйлестік. Жапон ғалымдары Қазақстанның колониялдық кезеңін зерттеуде. Негізінен мұрағат құжаттарымен жұмыстар атқаруда. Бірақ мұрағат құжаттары бір жақты кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан ел ішіндегі деректерді де зерттеу қажеттігін айттым. Біздің қазір постколониялдық кезеңдеміз. Сол себепті ғылымда стереотиптер толып жатыр. Көкшетау өңірі мен Бөкей ордасындағы құлпытастардағы аз ғана ақпараттың өзі сенсациялық болып жатыр. Себебі қазақ тарихы идеология жасаушылардың қолымен жазылды. Қазақ үш жүзден құралды деген ұғым санаға сіңілді. Ал біз құлпытастарды оқи отырып, ондағы септіктердің қолданылуынан-ақ қазақ халқы әрқашан біртұтас болғанын көрдік. Стереотиптерден арылуымыз үшін зерттей түсу қажет. Жапон зерттеушілері қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс жасауға әзір. «Бір бөлігін біз де жариялауға жәрдем берейік» деп ұсыныс айтты. Тек Жапония емес, өзге де шетелдік ғалымдардың қызығушылығы үлкен.  Болашақ істеріміздің шеңбері кеңейді,-деген Әшірбек Муминов Қазақстандағы эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің ғылыми қоғамын құруды ұсынды. Себебі зерттелген құлпытасты басқалар қайта зерттеп жүрмеу үшін, зерттеулер жоғалмау үшін эпиграфиялық ескерткіштердің ортақ реестрін құру қажет. Сондай-ақ жоспарлы жұмыс жасау үшін де үйлестіруші кеңес керек. Мәдени құндылықтарды сақтау, қалпына келтіру, сандық жүйеге түсіріп, келешек ұрпаққа жеткізу мәселесі тұр.

DMS_2427«Бұл жағынан жапониялық ғалымдардың бай тәжірибесін пайдаланса да болады. Олар тіпті эпикалық жырларының телевизиялық нұсқасын да жасауда. Жапондар өз құндылықтарының ешбіреуінің жоғалып кетуіне жол бермейді, соған бар күшін салады. Ал бізде мына құлпытастар өте тез жоғалып бара жатыр. Мал сүйкеніп сындырып, топыраққа көмілуде. Қалғанына экология зардабы тиіп, жазуы жоғалуда. Сол себепті ескерткіштерді есепке алып, зерттеу мәселесін кешіктіруге болмайды. Оларды жинақ қып жариялау арқылы да келешекке жеткізуге болады» деді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Муминов. Ғалымның ғылыми қоғам құру жайлы ойын батысқазақстандық ғалымдар қолдап, семинар соңында қарар қабылданды.

Нұрлыбек РАХМАНОВ
www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале