22.07.2016, 17:22
Оқылды: 42

Жергілікті  полиция қызметі  оңтайландырылмақ

полицияОблыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысумен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 5-ші сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаты Жасұлан Жақыпов төрағалық еткен жиында 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және жергілікті полиция қызметінің жартыжылдық қорытындысы туралы есептер тыңдалды.


Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеттің бекітілуі туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2016 жылға арналған кірістер 120 886 282 мың теңгені құраған. Соның ішінде, салықтық түсімдер 29 395 424 мың теңге, салықтық емес түсімдер 2 088 028 мың теңге, 12 557 мың теңге негізгі капиталды сатудан түскен түсім болса, 89 390 273 мың теңге трансферттердің түсімі.  Бюджеттің шығысы 122 601 606 мың теңге, ал таза бюджеттік несиелеу 3 275 747 мың теңге, бюджеттік несие 6 516 899 мың теңге, бюджеттік несиені өтеу 3 241 152 мың теңгені құраған.полиция

Одан әрі қала көшелері мен қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуы, жол қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алуда жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары туралы облысымыздағы  жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар мен учаскелік полиция инспекторларының көмегімен ашылған қылмыстың саны 11,8 пайызға артып, азаматтардан түскен арыздар мен өтініштердің қаралуы өткен жылмен салыстырғанда 26,0 пайыздан асқан. 71 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 392 791 074 теңге айыппұл салынған.  Күні бүгінге дейін айыппұлдың 213 175 374 теңгесі (54,3 пайызы) өндіріліп алынған. Биылғы жартыжылдықта облыс бойынша 7 252 қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылмен салыстырғанда 12,0 пайызға (6477) көбейгендігі байқалады. Алайда  қылмыстың көбейгеніне қарамастан, оның ауыр және өте ауыр түрлері азайып, ашылу деңгейі 86,9 пайызды құраған. Соңғы алты айдың ішінде жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындардың   52 817  шұғыл шақыртуларына көмекке барған. Соның нәтижесінде көшеде жасалатын қылмыстар 2,2 пайызға төмендеген. Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттері аймағында «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бақылау бейнекамерасы орнатылған. Осы бейнекамералардың көмегімен 51 қылмыс дер кезінде ашылып, 7713 құқықбұзушылық уақыт оздырмай анықталған. Жергілікті полиция қызметінің тағы бір бағыты - жол қауіпсіздігін сақтау.  Биыл жол-көлік оқиғалары 2,5 пайызға, жарақат алғандардың саны 15,1 пайызға төмендегенімен, ажал құшқан адамдардың саны артып, 59,3 пайызды құраған. Балалардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасының  салдарынан жеті бала мерт болып, 35-і әр түрлі дәрежеде жарақат алды, - деп атап өткен Манарбек Серікқалиұлы бұл саладағы күрмеуі қиын біраз мәселені алға тартты. Оның ішінде учаскелік полиция инспекторларының жан-жақты әлеуметтік қорғалмауы, материалдық-техникалық базалардың жеткіліксіздігі толыққанды жұмыс жасауға кедергі келтіретінін айтты.  Орал қаласы бойынша  екі учаскелік полиция пунктін ашу күн тәртібінде тұрса,  облыс аумағындағы 185 учаскелік пункттің 99-ы жөндеуді қажет етеді. Қазіргі күнде ауылдық  жердегі 98 учаскелік полиция пункті қажетті компьютермен қамтылмаған.  Ауылдық жерлерге әлі де 107 автокөлік жетіспейді. Тіпті 28,7 пайыз полиция қызметкері қызмет ететін жерінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. Осы орайда ҚР ІІМ жергілікті полиция қызметкерлері үшін жалдамалы тұрғын үйдің төлемін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру үстінде екенін тілге тиек етті.

Облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллиннің баяндамасындағы аталмыш мәселелерді  қанағаттанарлық деп танып, әріптестерінен қолдау сұрады.

Сессия барысында бұдан бөлек облыстағы елді мекендер аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою,  2016-2018 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар автомобиль қатынастары тізбелерін бекіту,  облыс бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту, облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлер мәселесі жөніндегі сараптамалық кеңесінің шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Алтай Көлгінов еліміздің әр аймағында болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар, ең алдымен, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, автокөлік жолдары мен  аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қажет етеді деп атап өтті. - Бұл мақсаттар үшін аулалар мен автокөлік жолдарына, ірі жол қиылыстарына бейнебақылау камераларын орнату үшін жарты миллион теңге қаржы бөлінетін болады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларын 50 автокөлікпен қамтуға қаржы бөлу қарастырылуда, - деп атап өтті облыс басшысы.

Ләззат  ШАҒАТАЙ
«Орал  өңірі»
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале