25.07.2016, 10:44
Оқылды: 44

Мәңгілік махаббат иелеріне құрмет

Мәңгілік махаббат иелеріне құрмет        Жәнібек аудандық Мәдениет үйінде Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваның «Мәңгілік махаббат жыры» атты кездесу кеші өтті.


Кездесуде Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин қонақтарға жылы лебіздерін айтып, алғыс хат тапсырып, қазақтың дәстүріне сай иықтарына шапан жапты.

Өнер сүйер қауымның алдында «Қыз Жібек» фильмінің бас кейіпкерлері, мәңгілік махаббат иелері  туындының түсірілу, одан кейінгі тағдыры жайында ақтарыла сыр шертті. Меруерт апамыз жастарға арнап: «Мәңгілік махаббат бар, оны аялаңыздар, оған сеніңіздер»,-деген ұлағатты сөзін жеткізсе, Құман жездеміз сүйікті жарына деген адал махаббатын әнмен өрнектеп, Мұхтар Шахановтың «Махаббат жыры»  және композитор Серафим Туликовтың «Пришла любовь» атты туындыларын шырқап берді. Сонымен қатар, ол залда отырған аналарға арнап, жерлесіміз Қайрат Жұмағалиевтың өлеңіне жазылған композитор Марат Омаровтың әйгілі  «Анашым» әнін де орындады.Мәңгілік махаббат иелеріне құрмет2

Есімдері елге аян өнер иелеріне еңбек ардагері, ауылдың құрметті ақсақалы Ибрайым Сұлтанов пен облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаев жыр жолдарын арнады.

Кездесуге қатысқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы, жерлесіміз Дәулеткерей Құсайынов қонақтарды құттықтаған жылы тілегін шешен тілімен жеткізе келіп: «Біз, жәнібектіктер, Меруерт Қаратай қызымен мақтанамыз.  Құман жездеміз екеуі – алдыңғы толқын ағалар үшін пәк махаббаттың символы іспеттес. Қазіргі жастар да осындай таза махаббат иелерінен үлгі алатынына сенеміз. Мәңгілік ел болу үшін мәңгілік махаббат болу керек»,-деп сөзін түйіндеп, көпшіліктің құлақ құрышын қандыра күй орындап берді.

Жиын соңында аудан басшысы  Наурызбай Қадырбайұлы: «Құман жездеміз мінетін аттарың болса, Меруерт үстіне қонуға дайын деп жарасымды әзіл тастап еді, олай болса,  жәнібектіктердің атынан мәңгілік махаббат иелеріне ақбоз ат тарту етеміз»,-деді.

                                                                      Н.Жапақов
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале