25.07.2016, 11:04
Оқылды: 62

Орынбор қазақтарының қуанышы

TokjanovРесей Федерациясының Орынбор қаласында жергілікті қазақтардың бастамасымен сонау 1991 жылы «Айқап» (кейін «Жаңа Айқап») газеті ашылған екен. Жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен, қазақ және орыс тілдерінде шығатын осы басылымға бүгінде ширек ғасыр толыпты. Қазақстан Республикасы үшін де, шетелдегі қазақтар үшін де маңызы зор бұл жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бастаған арнайы делегация қатысқан болатын.


24 шілде күні кешкісін Орынбор облыстық филармониясының ғимаратында «Жаңа Айқап» газетінің 25 жылдығына орай өткен мерекелік шараға Ресейдің түкпір-түкпірінен қазақ ағайындар көп жиналды. Газеттің алғашқы шығарушылары мен тарихынан сыр шертетін деректі фильмнен соң, басылымның құрылтайшысы, «Орынбор қазақтарының Ассоциациясы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнібек Итқұзов ақжарма тілегін жеткізіп, әр жылдары газет редакциясында қызмет еткен әріптестеріне алғыс хат табыстады.

kuttiktauОдан әрі Орынбор облысы үкіметі төрағасының ішкі саясат бойынша орынбасары - вице-губернатор Вера Баширова құттықтау сөз сөйледі. Қазақстаннан келген ресми делегация жетекшісі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоғжанов жиналған қауымды Ақжайық жұртшылығы атынан құттықтап: «Сіздер арқылы облыстық газет ұжымына және оның орынборлық барлық оқырмандарына ыстық сәлемімізді жеткіземін. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын Орынбор қазақтарының облыстық газеті жарыққа шығып, ол Орынбор облысы қазақтарының үніне, рухани өзегіне және ұлттық байлығына айналды. Газеттің жарыққа шығуы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу жылымен тұспа тұс келгендігі қуантады. Біздің Ақжайық өңірімен ежелден тығыз байланысып жатқан Орынборда 1991 жылы облыстық қазақ газетінің дүниеге келуі ондағы қазақ бауырларымыздың ұйымшылдығына, ұлттық сана-сезімінің асқақтығына нақты дәлел бола алады. Ширек ғасыр уақыт ішінде газет үлкен жолдан жүріп өтті, облыстың барлық қазақтарын өз айналасына топтастырып, өз оқырмандарын тапты. Оларға облыс аудандарында және Қазақстанда болып жатқан жарқын жаңалықтарды жеткізіп, өлкедегі өзгерістер мен оқиғалар туралы материалдарды ана тілінде оқуына мүмкіндік туғызды.

zalАдамның азамат ретінде рухани жағынан қалыптасып, ана тілінде сөйлеп, сол тілде оқуына мүмкіндік туғызу оңай шаруа емес. Арада өткен 25 жыл редакция ұжымына өзінің шеберлігі мен кәсібилігін шыңдауына, оқырмандарының сеніміне ие болуына ақпарат айдынындағы әріптестері арасында құрмет пен беделге жетуіне мүмкіндік берді. Орынбор облыстық қазақ газетінің журналистеріне өздерінің ұлттық тамыр-тарихына деген адалдығы үшін ризашылығымды жолдай отырып, жыл өткен сайын газет оқырмандары мен жанашырларының қатары көбейе түсетіндігіне сенімдімін» деді. Марат Лұқпанұлы құттықтау сөзінен соң газет ұжымына сый-сияпат табыстады. Ақтөбе облысынан арнайы келген көркемөнер шеберлері орындаған ән мен күйге жиналған халық ерекше риза болып, бір қанаттанып қалды. Бұдан кейін Ресей Федерациясының Омбы қаласында 1989 жылы құрылған «Мөлдір» қазақ-мәдени орталығының жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Алтынай Жүнісова сахнаға шығып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Одан әрі «Біздің елдің жігіттері» әнін нақышына келтіріп орындағанда халық сілтідей тынды, ән аяқталғанда қошеметін аямады. Үш сағатқа созылған шара бір деммен өтті, барша көрермен аяғына дейін ерекше ықыласпен тапжылмай тыңдап, соңында бір-бірін құттықтап тарасты.

AltynaiАлтынай ҚАЙДОЛЛАҚЫЗЫ, РФ, Омбы қаласынан: Бүгінгі «Жаңа Айқап» газетінің 25 жылдығына орай атымызды терлетіп, Омбының жерінен, Сібірдің орманынан келдік. Осы жақта Орынбордың қазағы болсын, Қорған, Шеләбі, Омбы қазағы, Түмен қазағы болсын, біз өз жерімізде тырп етпей отырған, қаймағы бұзылмаған қазақпыз. Сондықтан біз өз жерімізде тілімізді сақтап, дінімізді сақтап, қазақ болып қалайық деп осындай қазақтардың орталықтарын ашып, газет ашып талпынып жүргендердің біріміз. Бүгінгі шараға Ресейдің барлық өңірлерінен өкілдер қатысуда. Ортамызда Мәскеу, Қазан, Астраханнан да арнайы ат басын бұрғандар да бар.

Біздің анықтама: 1991 жылы 16 мамырда Орынбор қаласында «Айқап» газетінің алғашқы саны шықты. Ол «А3» форматында, төрт бет көлемде 2500 данамен жарық көрді. Алғашқы шығарушысы – Аяған Нұрманов. Басылымның негізгі мақсаты – Орынбор аумағындағы қазақтардың өзара қарым-қатынасын нығайту, қазақ тілін, салт-дәстүрін, діни ұстанымын сақтап, ұлтты ұйыстыру. Түрлі қиыншылыққа байланысты газет 2006 жылы уақытша жабылды. 2008 жылдан бастап «Жаңа Айқап» атауымен жарыққа шыққан басылым өзін «Айқап» газетінің жалғастырушысымын деп есептейді.

Жантас Набиоллаұлы

www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале