25.08.2016, 10:37
Оқылды: 1731

Тойдың сәні – тамада, алайда…

   Tamada AsabaШешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу.

        Марк Тулий Цицерон

Ел ішінде, әсіресе, қазақ арасында той айы саналатын тамыз да түгесілуге таяу. Бірақ «Жиған-тергенім тойға бұйырсын» деп аңсайтын қазақтың тойы бір аймен шектелмесі кәміл. Ендеше, дәл қазір, тап бүгін тамадалық өнер туралы сөз қозғағанның еш сөкеттігі бола қоймас (әрине, «тамада» сөзінің «асаба» деген баламасы бар екендігі маған мәлім. Өз басым «асабаны» сәтті аударма деп қабылдай алмадым, оның үстіне «тамада» «асабадан» әлдеқайда әуенділеу естіледі).


…Әлқисса, атам қазақ әлімсақтан сөз өнеріне ерекше мән берген. Тарихтың тереңіне зер салсақ, оған мысал жеткілікті, әрине. Сөйте тұра бәлкім бабаларымыздың бүкіл өнер атаулының алдына «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз өнерін қойғаны да жеткілікті шығар. Әйтпесе, қантөгіске ұласқалы тұрған талай дау-дамайды орамды ой, ұтымды сөз арқылы бейбіт жолмен шешкен бұрынғылардан «Ел бастау қиын емес, қонам деген жерден көл табылар, қол бастау қиын емес, шабам деген ерге жау табылар, бәрінен бұрын алқа топтың, аламан жұрттың алдында сөз бастау қиын, тауып айтсаң, береке, таппай айтсаң, келеке боласың» деген ғибрат қалар ма еді?!

Қазір кім көп, Құдай сақтасын, тамада көп. Таяқ лақтырсаң, тамадаға тиеді, әйтеуір. Бірақ сан бар, сапа жоқ. Бүгінгі тамадалардың басым көпшілігі той басталғаннан той тарқар сәт таянғанша аузы аузыма жұқпай сөйлей берсем болды, менен өткен мықты жоқ деп ойлайтыны кәміл. Ал біздің дәуірімізге дейінгі ежелгі Римнің аузымен құс тістеген шешені, дарынды жазушы, мемлекет һәм қоғам қайраткері Марк Тулий Цицероннан жолы кіші, жасы кіші бір замандасы бірде «Ушыққан талай дауды одан әрі өршітпей, сіз сөз арқылы бейбіт жолмен реттедіңіз. Сіздіңше, шешендік дегеніміз не?» деп сұраса керек. Сөйтіп, әлгі бейбақ шешендік туралы сала құлаш жауап күтіп тұрса, Цицерон «Шешендік дегеніміз – керек жерде, қажет кезде үндемеу» деп қысқа-нұсқа қайырған көрінеді… Демек, көрдіңіз бе, шешендік дегеніміз әсте ешқандай татуы, дәмі жоқ сылдыр сөзді суша сапыру емес. Ал тойдың аудиториясына яки бұқаралық санаға ешқандай ықпал-әсері жоқ арзан сөзді оңды-солды сапыру – бүгінгі тамадасымақтарға тән ортақ көп кемшіліктің бірі әрі ең бастысы.

Бүгінгі той – кешегі той емес. Яғни әр тойдың өзіндік азды-көпті ерекшелігі яки ішкі иірімдері бар. Той тізгінін ұстар тұлғаның әп дегеннен ең басты назар аударуы тиіс мәселесі, міне, осы фактор.

Бұл – кешегі тойдағы айтқаныңды айна қатесіз бүгінгі тойда айтып, береке таппайсың деген сөз. Мұндай қарадүрсіндіктен той жақсы өтіп, тамаданың абыройы артып, рейтингісі көтерілмейді. Әрі әлгіндей атүстілік тамаданы шығармашылық тоқырауға тіреп тынады. Ендеше, көп оқу, талмай ізденіс керек!

Жалпы, той өткізу – үлкен жауапкершілік. Мысалы, бір үйдің бойжеткен қызы жасы 20-ға толып, ұзатылып бара ма, демек, әлгі әулет қызының теңіне қосылу тойын бақандай 20 жыл күтті деген сөз. Ал енді әке-шеше барын салып, нарын салып, қажет десеңіз, тіпті жанын салып, 25-ке келген ұлының үйлену тойын жасаудың қамында ма, ендеше, бұл да атаана мен ағайын-туыстың жылдар бойы аңсап күткен қуанышы. Енді осы талай жыл күткен тойдың қалай өтуі той тізгінін ұстаған тамадаға тікелей байланысты. Жақсы тамада той иелерінің қолының қысқалығынан дастарқаны жұтаңдау жайылған немесе басқалай міні бар тойды өзінің той жүргізу шеберлігімен байқатпай, әлгі тойдың кем-кетігін елетпей жібереді. Керісінше олақ, қарадүрсін тамадалар (егер оларды тамада деуге болса, әрине) дастарқаны майысқан, өзге шаруасы да келіскен тойдың өзінің берекесін қашырады.

Қазіргі тамадалардың дені той басталар-басталмастан той тарқағанша қол шапалақ сұрап, ығырыңды шығарады. Ей, айналайын-ау, егер сенің сөз саптауың, той жүргізу мәнерің тойшы қауымға ұнап, көңілдерінен шығып жатса, олар сені қақсатпай-ақ қол шапалақтайды емес пе?! Осыған да көл-көсір көп ақыл керек пе???

Тойды қыздырмақ болып, «Ағайын, айқай-шу қайда?» деп жар салатын асабаларды да жиі көріп жүрміз. Бұл енді барып тұрған сөздің мән-мағынасын түсінбеушілік. Әйтпесе, қазақта «Айқай шықты, шу шықты, айқай-шу шықты» деген жақсы сөз емес. «Айқай-шу шықты» деген сөз «үлкен түсінбеушілік орын алды, дау-дамай, ұрыс-керіс шықты» деген мағына береді. Сонда айқай-шуды жоқтап тұрған тамада өз жауапкершілігіндегі тойда дау-дамайды, ұрыс-керісті қалағаны ма???

Тойды жүргізіп тұрып, өзінің руын айтып, «Қане, осы рудың қазақтары болса, қол көтеріңіздер!» деп буынсыз жерге пышақ ұрып, бұйыра сөйлейтін тамадалар да баршылық. Тойға келген қазаққа трайбализмді тықпалаудың не қажеті бар??? Немесе «Мен бір айдың өзінде 2-3 несие (кредит) төлеймін. Осыны ескеріп, тамадаға да демеуші (спонсор) болып отырыңыздар, ағайын» деп бұлданатын, орысша айтқанда, әрі наглый, әрі қайыршы тамадаларды да көріп жүрміз. Өз басым әлгіндей сауға сұрауды бұқаралық мәдениетке мүлдем жат көргенсіздіктің бір түрі деп есептеймін. Алсаң, несие алған сен өзің, ал оны желеу етіп, халықтың қалтасына түсудің не жөні бар???

Былтыр бір ағамыз өзінің 60 жасқа толу мерейтойына қонақ ретінде шақырғасын бардық. Қазақтың қай тойы уақытында басталып еді, бұл мерейтой да межелі уақытынан екі сағаттай кеш басталды. Жәй басталуының басты себебі, тамада түсте тағы бір мерейтойды басқарып, сол бітіп болмай, кешігіп келген екен. Өзінің кешігіп келгенімен қоймай, әлгі асаба өзінше тойды бастап жатып, «…Осындай елге сыйлы, басы милы ағамыз алпысқа толды деп қадірлі қонақтар сіздер де келдіңіздер, кешігіп болса да, қарным қампайып, бұтым талтайып, мен де келіп қалдым», — деп салды. Дені дұрыс, сөзі дұрыс яки жөн білетін кісі әуелі тамада басымен кешігіп келгені үшін көпшіліктен кешірім сұрамас па еді?.. Сонан соң дене бітімінің кем-кетігі онсыз да көзге ұрып, көрініп тұр ғой, «қарным қампайып, бұтым талтайып» деудің не қажеті бар-ды?..

«Халайық, менің айтқан сөзіме қол соқсаңыздар, алақандарыңызға гүл шығады, қол соқпасаңыздар, алақандарыңызға жүн шығады» деп «сәуегейлік» танытатын тамадалар да ұшырасады. Қалай ойлайсыз, осы да тап қырлық па, меніңше, барып тұрған оспадарлық! Дегенмен мұның өзі мына келесі мысалмен салыстырғанда әлі де «айналайын-ау», сірә…

Осыдан бірер ай бұрын бір жора-жолдастың қыз ұзату тойында болдық. Тамаданың деңгейі әп дегеннен белгілі болды. Бірақ «Қонақ қойдан жуас» дегендей, шыдап отыруға тура келді. Сөйткен тамадамыз бірінші отырыстың белортасына таман қыз-қыздымен той қонақтарына «Әтеште не жоқ?» деген сұрақ қойды.

— Әтеште ұят жоқ, — деп қойып қалды бір қазақ.

— Дұрыс емес! — деп бәлсінді тамада.

— Әтеште теща жоқ, — деп өзеуреді тағы бір қандасымыз.

— Бұл да дұрыс емес!

— Әтеш өзінде бажа болғанын қаламайды, — деп білгішсінді және бір қазекем.

— Әлі де ойланыңыздар, — деп маңғаздана шалқайды асаба мырза.

Тағы бір қонақ орнынан көтерілді де әуелі, — «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген бар ғой, — деп алып, — Әтеште қазақша айтқанда, мүшеқап, орысша айтқанда, презерватив жоқ! — деп «жар салды».

— Міне, азамат! Міне, сыйлығыңыз! — деп мәз болды тамада.

Әлгі өрескел сұрақтың бірінен-бірі өткен оспадар жауаптарына той қонақтарының арасында «Естір құлаққа ұят екен» деп қысылып-қымтырылғандардан гөрі, қол шапалақтап, мәз болғандар басым болды-ау. Бұл да бір бұқаралық мәдениеттің тобырлық деңгейге дейін төмендеп, әбден төменетек болғанының бір айғағы да. Әйтпесе жаңағы естір құлаққа ерсі сұрақ та, оған берілген бірінен-бірі өткен анайы жауаптар да жанжүректі тебірентерлік, көңіл толқытарлық дәреже-деңгейде өтуі тиіс қыз ұзату тойында тілге тиек, сөзге өзек болар жайттар ма еді?..

Асылы, тамада тойға дейін кемі бірді-екілі той иелерімен емін-еркін әңгіме-дүкен құрып, өзіне аса қажет ақпарат-мәліметтерді біліп алғаны ләзім. Әйтпесе қазіргі қаптаған тамадаларда «Күнде басқарып жүрген көп тойдың бірі ғой» деген ұшқары көзқарас басым. Міне, осы бірінші қателіктің өзі бір тойдағы бірнеше қателікке жол ашады…

Меніңше, тамада тойға дейін той иелерімен жүздесіп-пікірлесу барысында той қонақтарының негізін кімдер құрайды (мысалы, қарапайым ауыл тұрғындары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, техникалық интеллигенция немесе өнер адамдары…) соны біліп алып, той сценарийін той қонақтарының негізгі бөлігі сүйсініп қабылдайтындай деңгейде құруы шарт. Мәселенки, той қо-нақтарының, той контигентінің басым көпшілігі халықтың қандай бөлігінен құралатындығын күн ілгері білу арқылы тамада аталмыш тойдың аудиториясына фольклорлық сипаттағы ма, жоқ әлде қазіргі заманғы әзіл-қалжың көбірек өте ме, міне, осындай маңызды мәселелерді алдын ала болжай алады. Әрине, тойға жиылған жұрттың көңілінен 100% шығу өте қиын, бірақ той тізгінін ұстаған кісінің соған ұмтылуы парыз. Ең бастысы, тамада топтың ішіне сіңіп, бар-жоғы белгісіз боп кететіндей емес, керісінше, интеллектуалдық тұрғыдан көпті жетелеп отыратындай тұлға болуы тиіс. Осы орайда қазіргі асабаларға тән тағы бір ортақ кемшілік – олардың ортаға тілек айтып, тост көтеруге шыққан қонақтарды кекетіп-мысқылдауы. Мәселен, кейбір тамадалар қонақ тілегін айтып болысымен іле-шала, «Енді сіз сүй дейсіз ғой, енді сіз бүй дейсіз ғой» деген сарындағы кекесін мысқылға көшеді. Тамада тойдың үстінде ешкімді кекетіп-мұқатпағаны жөн, зады, мұндай арзан маневр оған абырой әпермейді. Керісінше, тамада сөзден жаңылғанды жетелеп, сүрінгенді демеп жіберуге әр кез пейілді болуы шарт. Өйткені ол тойдың тамадасы яки кеменің капитаны, экипаждың командирі! Сол себепті тойдың тізгінін ұстаған тұлға көптің көңілінен шығуға һәм тойдың бастан-аяқ жақсы өтуіне үнемі мүдделілік танытуға міндетті.

Футболдан 1966 жылы Англияда өткен VІІІ (сегізінші) әлем чемпионатының екінші жартылай финалында Англия мен Португалия құрамалары кездесіп, осы ойынның тек 22-минутында ғана франциялық төреші Швинтенің ысқырығы қайыра естілген екен. Менің бұл мысалды алға тартып отырған себебім, кейбір тойлар тамада бастап берісімен өзі бір жүйелі арнаға түсіп, жарасымды жалғасып жүре береді. Ондай жағдайда той басқарушының «мен тамада екенмін» деп орынсыз кимелеп, килікпегені абзал. Яғни жоғарыда тілге тиек болған футбол матчындағыдай тамада тек қажет кезде ғана тізгінге жүгінгені жөн.

Өз басым интеллектуал тамадаларға құрметпен қараймын. Мұндай деңгейдегі тамадалар қысқа күнде қырық құбылатын саясаттың өзін әдемі әзіл, орынды қалжыңға айналдырып жібереді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбедегі бір жолдас жігіттің қызының ұзатылу тойына қатысудың сәті түсті. Отағасы шаруасы шарықтап тұрған кәсіпкер, ал оның шаңырағының шамшырағы әуелі, әрине, Алла Тағаланың, сонан соң отағасының арқасында ат төбеліндей аз ғана қазақты бақандай бес адамға көбейткен (Құдай көпсінбесін!) ардақты ана екендігін білетінбіз (әрі әр перзентінің арасына тап көп уақыт салмай, бес рет босанса да, досымыздың келіншегі тал бойында бір міні жоқ талдырмаш гүлнәзік келіншек-ті). Мәні мен сәні келісіп, қай-қай жағынан да жарасымды өткен тойдың соңын ала әдеттегідей қонақтарына ризашылығын білдіру үшін той иелеріне, ата-анаға сөз ұсынылды. Отағасы тойға келген дүйім жұртқа келістіріп рақметін айтты. Ал жұбайы  «Мен отағасының айтқанына қосыламын» дей келе, қыз-күйеу баласына баянды бақыт пен ұзақ та жаймашуақ өмір тілеп, сөзінің соңына таман туған ұясынан ұшып бара жатқан балапанына деген аналық қимастық сезімге бой алдырып, жанарына жас айналды. Осыны байқап тұрған тамада: — Гүлдерайым жеңеше, Ерік ағам екеуіңіз бес перзент сүйіп, ұл-қызыңызды түгелдей тең құрбысының алды қылып жеткіздіңіздер. Бұл тойға дейін сіздер Айнұр қарындасымыздың екі ағасын үйлендіріп, ұяға, екі әпкесін ұзатып, қияға қондырдыңыздар. Міне, бүгін кенже қызыңызды ел-жұрттың ақ бата, ақ тілегімен алақандарыңыздан ұшырып, теңіне қосудасыздар. Ана ретінде сіздің көңіліңіз біржола жәйланды. Енді сіздің сәмбі талдай сымбатты өн бойыңызға салмақ жамап, қоң жинап, әлемдегі ең іргелі мемлекеттердің бірі – Германияның тізгінін ұстаған қазіргі ат үстіндегі канцлері Ангела Меркель секілді нән келіншек болуға толық хақыңыз бар, — дегенде тамаданың тапқырлығына риза болып, дуылдата қол соқпаған қонақ қалмады.

Саяси тақырыпқа тағы бір сәтті мысал. Осыдан үш ай бұрын келін түсірген әулет жақында жаңа құдаларын шақырып, біз сол дастарқанда жаңа құдалармен бірге болдық (жігіт жағының тойына шақырылсақ та, сол күндері іссапарда болғандықтан, екі жастың шаңырақ көтеру, отау құру тойына қатыса алмап едім). Келін түсірген отбасы жас келінге дән риза. Шынында да, «Жүзі жылыдан түңілме» дегендей, жас келіннің көркіне ақылы сай, әрі әдемі, әрі әдепті бала екендігі бір көргеннен-ақ сыпайы сәлемдесуі мен тәрбиелі жүріс-тұрысынан-ақ аңғарылып тұрды. Жас келіннің әп дегеннен үйдің шаруасын үйіріп әкеткендігін, үй-жайды мұнтаздай таза ұстауы мен тамақты дәмді пісіретіндігіне қоса, ине-жіп ұстауға керім икемді екендігін үйдегі үлкен кісі – Зүбайда әжей дастарқан басында сүйсіне әңгімеледі. Тіпті жас келіннің абысындарының бірі сөз арасында жас келіннің жасауында тігін мәшинесі бар екендігін де айтып өтті. Қайыр-хош, сол құдалықты келін түсірген үйдің әлі үйленбеген кіші ұлы жүргізді. Өзі бір әжептәуір тамадалық өнері бар бала екен. Бұл жігіт те жас жеңгесіне бек разы.

— Егер Астанадағы көкелер менің Ләйлә жеңешем дайындаған женттің дәмін татса, бірден «Мына жентті халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесіне қояйық» деп ұсыныс айтар еді, — деді бір сөзінде. Қайнысы мақтаған женттің дәмін көрдік, шынында да, тіл үйіреді екен! Демек, жаңағы саяси сипаты бар теңеу әбден орынды!

Біздің қазаққа жағу қиын. «Тілек айтуға шығатындар неге ортаға билеп шығады?» деп кінәлайтындар да бар. Ей, айналайын-ау, онда тұрған не бар? Тойға келген адам тост көтеруге билеп шықпағанда, енді саптық қадаммен яки строевой шагпен шықпайды ғой! Билегені дене бітіміне, түр-тұлғасына жарасса, билей берсін. Әрі-беріден соң тойға келген қонақтың билеуі де тойды қыздырып, қызықты өткізудің басты элементтерінің бірі емес пе. Тек әдептен озбаса болды да.

Мен білетін бір тамада «Қазақтың тойын тамада болып бастап, тамада болып аяқтау үшін тамадаға ең сезімтал интуиция, аяқасты импровизация, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең кругозор, жан-жақты эрудиция, шымыр логика және үлкен дипломатиялық шеберлікке қоса, қазақша айтқанда, темірдей жүйке, орысша айтқанда, железный нерві керек» деп есептейді. «Болмасаң да, ұқсап бақ…» деп хакім Абай айтқандай, меніңше, тамада біткеннің жаңағындай интеллектуалдық өреге ұмтылғаны ләзім. Әйтеуір, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, тамаданың әр сөзі, әр сөз саптауы «аламанға дем беріп, алқа топты меңгеріп», тойдың жақсы өтуіне қалтқысыз қызмет етуі шарт.

Иә, тойдың сәні – тамада, алайда бәрі бірдей емес. Айтқан емес, айтар сөзінің әсер-ықпалын алдын ала дәл болжай білетін сұңғыла тамада ғана тойдың сәні. Біздің бұл айтқанымызға сіздің не алып-қосарыңыз бар, әлеумет?..

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН

Орал қаласы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале