26.08.2016, 11:32
Оқылды: 63

Орал қаласының № 2 сотының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті

sot Ashilui   Тәуелсіздіктің 25 жылдығы және ҚР Конституция күні қарсаңында Орал қаласының №2 қалалық сотының жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шараға ҚР Жоғарғы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров, облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Сот жүйесінің құрметті қызметкері, доғарыстағы судья Қуаныш Әбуов сынды азаматтар қатысты.

           –Қазіргі заман талабына, әлемдік стандартқа сай салынған жаңа ғимараттың символдық мәні бар деп есептеймін. Жаңа ғимаратта соттың әділ шешімдрі қабылданып, сот ісі ашық әрі айқын болсын. Қазақ елінде ежелден әділдіктің символы–  билер институты болып табылады. Жаңа қоғамда олардың рөлін әділ судьялар атқаруда. Елбасының әрдайым қолдауының арқасында елдің сот жүйесі дұрыс бағытта қызмет етуде,- деп, Еліс Нұрқасымұлы облыс әкімі Алтай Көлгіновке ҚР Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәмидің атынан алғыс хат табыстады.

           –Бүгін өңіріміз үшін елеулі оқиға болды. Конституция күніне орай жаңа сот ғимараты бой көтерді. Бұл ғимараттың ашылуы ерекше мәнге ие. Себебі Елбасымыздың бекіткен «100 нақты қадам» бағдарламасында сот жүйесін модернизациялау бағыттары белгіленген. Модернизациялау материалдық, техникалық жағынан да қарастырылуы қажет. Судьялар және сот жүйесінің қызметкерлерін бұл ерекше оқиғамен құттықтаймын. Жаңа ғимарат сот жүйесінің қызметінің жоғарылауына септігін тигізері сөзсіз,-деді Алтай Сейдірұлы.

           –Ел билігі сот жүйесінің материалды, техникалық жағдайына үлкен мән беруде. Бүгінгі мереке соның дәлелі. Мен доғарыстағы судьямын. Құқық қорғау органдарында 41 жыл қызмет еттім, соның ішінде 35 жыл судья қызметін атқардым. Осыдан 39 жыл бұрын қалалық сотқа ескі ғимараттың табыс етілу салтанатының куәгері болған едім. Ал қазір сол ғимаратқа бірінші сатыдағы сот қоныс аударып, олар да қуанышты жағдайға кенеліп жатыр. Өткен шаққа оралсам, жағдай мүлдем бөлек болған екен. Екі-үш судья бір кабинетте қызмет атқарып жүрді. Сот актілері қолмен толтырылатын. Тіпті кейде сот отырыстары дәліздерде өтетін еді. Ал жаңа мекемеде 31 кабинет бар екен. Сот отырысының 15 залы, тіпті сотқа қатысушыларға арналған күту бөлмесі де бар екен. Елбасының қолдауының арқасында барлық жағдай қарастырылған. Ендігі кезекте іске сәт!- деді Қуаныш Сатқанұлы.

           Жаңа ғимарат жергілікті бюджет есебінен бой көтерді. Оның жалпы көлемі 7478 шаршы метрді құрайды. Жаңа қалалық сот мекемесінде барлық қажетті және қауіпсіздік жағдайлар қарастырылған. Қызметкерлер үшін жалпы 31 кабинет, оның ішінде 15 сот отырысы залы, екі күту залы, адвокаттар мен прокурорларға арналған кабинеттер, медиация бөлмесі, ақпарат киоскісі, архив және медициналық кабинет бар.

           Ғимарат кілтін «Жиенбай» ЖШС директоры Александр Қарағойшин №2 қалалық соттың төрағасы Мұрат Иманбаевқа табыстаған соң, жаңа ғимараттың лентасы қиылды.

                                                                     Айым ЖОМАРТҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале