26.08.2016, 16:58
Оқылды: 26

Жаңақалада дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Жаңақалада дәстүрлі тамыз кеңесі өтті   Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығында жаңа оқу жылы қарсаңында өткен оқу жылына талдау жасап, алға қойылған міндеттерді айқындау мақсатында аудан педагогтарының тамыз кеңесі өтті.


Оған аудан әкімі Лавр Хайретдинов, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева, облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев және басқалары қатысты.

Кеңес барысында ауданымыздың білім беру саласында көп жыл бойы қызмет атқарған еңбек ардагерлеріне гүл шоғы ұсынылып, құрмет көрсетілді. Содан соң аудандық білім беру ұжымдарының атқарылған жұмыстары туралы бейнефильмге кезек берілді.

Кеңесті жүргізуші аудандық білім беру бөлімінің басшысы Е.Қадыров тамыз кеңесінің баяндамасы аудандық «Жаңарған өңір» газетінің өткен санында жарияланғанын, аудандық білім беру ұжымдарында талқыланғанын қаперге берді.

Жиында алдымен құттықтау сөз облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиеваға берілді.

Мұнан кейін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы – қазақстандық патриотизмді дамытудың философиясы» тақырыбындағы Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Төлегенқызының баяндамасы тыңдалса, «Ауыл мектебін басқарудағы халықаралық және отандық тәжірибе, басқару сапасын жетілдіру тетіктері» бағытында М.Жүнісов атындағы ЖОББМ-нің директоры Аида Губашева хабарлама жасады. Бұдан соң №3 қазақ ЖОББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қазбек Қуанышұлы «Білім берудің басым құндылықтары негізінде, тұлғаны дамыту және кәсіби қалыптастыру бойынша мектеп жұмысын жүйелеу» жайында сөз қозғаса, Айдархан ЖОББМ ата-аналар комитетінің мүшесі Жанбатыр Жүзжасаров «Бала тұлғасын қалыптастыруда отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігі», Жаңақала мектеп-гимназиясының мұғалімі Айнагүл Ибрашева «Орта мектептерде үш тілді кіріктіріп оқыту: қазіргі жағдайы мен келешегі», «Жауқазын» бөбекжай бақшасының меңгерушісі Клара Елтайқызы «Мектепке дейінгі ұйымдарда мектеп алды білім берудің жаңартылған бағдарламасын жүзеге асыруда тұлғаға бағдарланған білім беру ортасын құру» тақырыбында пікірлерін ортаға салды.

Жарыссөз аяқталғасын аудан әкімі  Лавр Рашидұлы қорытынды сөз сөйлеп, ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Жиында ҚР Білім және ғылым министрлігінің  алғыс хатымен Пятимар ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Меңдігүл Мұхамбетова марапатталса, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын Айдархан ЖОББМ-нің тарих пәні мұғалімі Ажар Рысқалиева, Пятимар ЖОББМ-нің математика пәні мұғалімі Роза Темірғалиева, М.Мирманов атындағы ЖОББМ-нің бастауыш сынып мұғалімі Ұлмекен Мағзомова, «Балбөбек» балабақшасының тәрбиешісі Гүлсім Таменова, МТЖО-ның қосымша білім беру педагогы Гүлбаршын Сапарқызы, Жаңақала мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Гүлжан Сайынқызы иеленді. Басқа да бірнеше ұстаз Орал қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының Алғысхаттарымен, қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің  кәсіподағының, облыстық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің Алғысхатымен және аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамотасымен  марапатталды.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале