29.08.2016, 9:04
Оқылды: 229

Орны бөлек оңалту орталығы

22009 жылы Жаңақала ауданы орталығында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы негізінде «Капустин Яр», «Азғыр» полигондарынан зардап шеккен адамдарды сауықтыру бағытында 100 орындық «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы» салынған болатын. Аталмыш орталық сол жылдың қазан айында  Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы әкімшілігінің №273 үкімімен «ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы» Мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып құрылған болса, 2013 жылдан бастап  «Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын болып өзгертілді. Бүгінгі таңда жанына дәру іздеп келушілерге аталмыш орталықтың 115 қызметкері, оның ішінде 5 дәрігер, 27 мейірбике, 1 нұсқаушы, 37 кіші медицина қызметкері және әкімшілік, шаруашылық қызметкерлері қызмет көрсетуде.  «Ең басты мақсатымыз халыққа тиімді және қолжетімді көмек көрсету» деп білетін орталықтың әкімшілігі қызметкерлерінің сапасын арттыру мақсатында үнемі семинар сабақтар өткізіп, орта және кіші қызметкерлерін оқыту арқылы білімдерін жетілдіріп отырады. Осындай жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде 27 мейірбикенің 5 жоғары санатты, 8 бірінші санатты, 7 екінші санатты болып,  сапа құрамы 95 пайызға жетіп отыр.

«Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы»  бүгінге дейін  өңіріміздің әртүрлі аймақтары мен Орал қалалық емханаларынан ауруларына шипа іздеп келген 10151 адамға медициналық-психалогиялық және әлеуметтік, яғни республикалық стандарт бойынша кешенді оңалту көмегін көрсетті. Оның ішінде 1882 мүгедек, 49 Ауған соғысына қатысушы, 57 Чернобыль апатынан, 145 Семей полигонынан зардап шеккендер және 160 І-топ, 704 ІІ-топ, 715 ІІІ-топ мүгдекетері мен 6367 зейнеткер, 386 жасөспірімдер неврологиялық аурулары мен тірек қозғалыс бұзылушылығы, жүрек, ми қантамырлар аурулары секілді аурулардан емделіп шықты.

Орталықтың негізгі емінің көзі – емдік дене шынықтыру жаттығулары болып табылады. Сонымен қоса тұзды шахтамен емдеу, оттекті коктейль, балшықпен емдеу, парафинмен емдеу, қауыз, бальнеологиялық, тұзды ванна, уқалау-ысу және тағы басқа  емдеу түрлері бар.

«Ауданаралық сауықтыру ауруханасы» оңалту орталығы»  ұжымы тек сауықтыру, емдеу жұмыстарымен ғана айналысып қоймай, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да бір кісідей жұмыла атсалысып жүрген ұйымшыл ұжым. Олар демалушыларымен бірге ауданымызда өтіп тұратын әртүрлі мерекелік шаралар мен спорттық жарыстарда үнемі белсенділік танытып, алдынғы қатарлардан көрініп келеді. Аудандық шарамен қоса, мекеме ішінде де әр түрлі байқаулар, мерекелік шаралар, спорттық сайыстар, сенбіліктер мен би кештерін ұйымдастырып,  демалушыларының уақытты қызықты да, тиімді өткізулеріне жағдай жасап отыр.

«Жоғары сапалы емдеу, тәжірибелік көмек көрсету» сөздерін тек ұранға емес, сондай-ақ өздерінің басшылыққа алатын ұстанымдарына айналдырған сауықтыру орталығы  ұжымының  алдында оңалту көмегін үздіксіз жақсарту, Республикамыздың денсаулық сақтау саласын дамытуға өз үлестерін қосу сынды үлкен-үлкен  мақсаттар тұр.

Нұрғали Ғаббас

Жаңақала ауданы

www.zhaikpress.kz

                                                                                       

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале