13.09.2016, 17:49
Оқылды: 30

Ақ Жайықтан Астанаға көш түзеді

astana-02   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты облыс күндері аясында елордасы Астана қаласында ағымдағы жылдың 17-18 қыркүйегі күндері Батыс Қазақстан облысының күндері өтеді.


    Ақ Жайық өңірінен Арқа төсіне көштің алдыңғы легі аттанып та үлгерді.

  Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында Елорда төрінде өтетін БҚО күндерінің астаналықтарға тартуы ерекше сипатта болмақ.

  Атап айтар болсақ, 17 қыркүйек күні сағат 09.00-18.00 аралығында Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңке өтетін орын – Оқушылар сарайының алаңы.

   Жәрмеңке кезінде алаңда батысқазақстандық өнер шеберлері елордалықтарға ән-күйден шашу шашпақ.

astana-03

  Ал, 18 қыркүйек күні сағат 09.00-18.00 сағат аралығында Бейбітшілік пен келісім сарайының фойесінде «Ақжайық өңірінің жетістіктері» атты Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі астаналықтар мен меймандар назарына ұсынылатын болады.

  Сол күні сағат 16.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Батыс Қазақстан облысының өнер шеберлерінің концерті өтеді.

   Концертке Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Назерке», «Ақжайық» халық би ансамбльдері және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері, күйші Ермек Қазиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева т.б. батысқазақстандық өнер шеберлері қатысады.

astana-04

Ертай БИМҰХАНОВ

Батыс Қазақстан облысы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале