19.09.2016, 15:29
Оқылды: 35

Думанға толы Ақсай күні

«Қарашығанақ» кен орнымен аты әйгілі болған Ақсай қаласы бүгінде еліміздегі моноқалалардың тізіміне еніп, қарыштап дамып келеді. Мұнда қазір мұнай мен газ ғана өндіріп қоймай, ауыл шаруашылығына да басымдық беріле бастады. Кәсіпкерлікпен айналысу белең алып, инфрақұрылым мен қаланы көркейту жұмыстары жандануда. Мәдениет саласындағы жетістіктермен қатар, спортшылардың бағындырған белестері де аз емес. Осы шағын қаланың тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын айтулы күн – Ақсай қаласының күнін атап өту дәстүрге айналды. Бұл күні қаладағы тыныс-тіршілік салтанатты жиындар мен мәдени-көпшілік шаралармен, спорттық додалармен жандана түседі. Биыл да сол үрдіс жалғасын тапты. Бір апта ішінде түрлі мерекелік іс-шаралар оздырылды.

 Далада өтті дүбірлі дода%d0%b4%d0%be%d0%b4%d0%b0

Еліміздің ширек ғасырлық мерейтойына және Ақсай қаласы күніне арналған спорттық ойындар тартысты да қызықты өтті. Алдымен көкпардан Бөрлі және Шыңғырлау адандары арасында жолдастық кездесу өтіп, бөрліліктер жеңімпаз атанды.  Спортты серік еткен жандар мен ат баптап, сәйгүлігін жарысқа қосқан атбегілер аударыспақ, қой көтеру, зілтемір көтеру, теңге ілу, аламан бәйге (24 шақырым) және тоқ бәйгеден (15 шақырым) араларындағы шын мықтылар мен желмен жарысқан жүйріктерді анықтады. Аламан бәйгегеден ақтөбелік Жұмаш Избасаровтың «Қыран» деген лақап аты бар жылқысы топ жарып, бірінші келді. Бұған дейін бұл атбегінің «Дастархан» деген лақап атты аты Президенттің кубогын алған екен. Маңғыстаулық А. Танатаровтың «Ақжалы» екінші, қаратөбелік Ғ. Мақановтың «Ясині» мәре сызығынан үшінші боп өтті. Тоқ бәйгеден маңғыстаулық Б. Танатаровтың «Ажары» топ жарып, бірінші келді. Екінші болып Ақтаудан келген Н. Бисенбаевтың «Қыраны», үшінші теректілік А. Аманбаевтың жүйрігі мәре сызығын кесті. Сәйгүліктер жарысына облыс орталығы мен аудандарды қоспағанда, Ақтөбе мен Маңғыстау, Атырау облыстарының жүйріктері қатысты. Жүйріктердің иелері мен бәйгеге шапқан балаларға аудан әкімі А. Халелов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т. Шаяхметов және аудан әкімінің орынбасары Е. Ихсанов ақшалай сыйлықтардың сертификаттарын табыстады. Сондай-ақ Алдияр Сансызбайұлы аламан бәйгеден сәйгүлігі топ жарған Ж. Избасаров пен ұлы Тайұстарға автокөлік кілтін табыс етті.img_1737

 Нұр жауып, жұлдыздар ән салған күн

Орталық алаңда алдымен қала күніне орай «Үздік мамандар» салтанатты түрде  марапатталды. Әр салада жүрген үздік маман иелеріне қала әкімі Айымгүл Тржанова алғыс хаттар табыстады. Бұл үздіктердің қатарында Н. Кисилев «Үздік ұстаз-2016», Д. Кабденова «Үздік медицина қызметкері-2016», Ә. Сейсов «Үздік спортшы-2016»,  Н. Омаров «Үздік кәсіпкер-2016»,  А. Алекешова «Қоғамдық сақшы-2016»,  М. Шукиева «Үздік мемлекеттік қызметші-2016», А. Утеуова «Мұнай саласының үздік қызметкері-2016», М. Сарсенова «Үздік мәдениет қызметкері-2016» аталымына ие болды.
Ал мерекелік концертті қаламыздағы шығармашылық ұжымдары мен түрлі ән байқауларында топ жарып жүрген өнерпаздар бастап, одан әрі қазақ эстрада жұлдыздары жалғады. Бұл тойшы қауымның  асыға күткен сәт еді. Алдымен «Кеш You» тобы өнер көрсетті. Жастардың зор ықыласына бөленген бұл топтан соң сахнаға шыққан Индира Расылханға да көрермен шынайы қол соғып, ықыластарын аямады. Елімізде үлкен-кішінің сүйіп тыңдайтын тобына айналған «Жігіттер» квартетіне де ерекше ықылас көрсетілді. Жігіттермен бірге билеп, қосыла ән шырқады.

P.S. Мерекелік шаралар барысында ауа райы өзінше сан құбылды. Біресе бұлт арасынан күн күліп, енді бірде жаңбыр сіркіреп жауып, жауратты да. Алайда тойға келген тойшылар сәйгүліктер жарысын тапжылмай тамашалап, эстрада жұлдыздарының концертін зор ықыласпен тыңдады. Шалғайдан келген әншілер де бұл күнді «көктен нұр жауған күн» деді. Ақсайлықтар мен қала қонақтары үшін өткен мерекелік шаралардың соңына түнгі аспанды түрлі-түсті жұлдыздары тілгілеген отшашу нүкте қойды.

 

Ясипа РАБАЕВА

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале