21.09.2016, 22:30
Оқылды: 54

Ғасырға қадам

   %d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%82%d0%b0%d1%81-%d1%81%d0%b0%d1%84%d1%83%d0%bb%d0%bb%d0%b8%d0%bd  Құрметті оқырман!

    «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, міне, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жыл­дығын да алдағы жылы барынша кең көлемде атап өткелі отырмыз. 100 жылдықты мазмұнды қарсы алумен қатар газеттеріміздің заман көшінің алдында болып, ақпарат тарату, насихат жүргізу, ұлттық рухты көтеріп тәрбие беру бағытындағы қызметтерін заманауи технологияларды пайдалана отырып жандандырмақпыз. Облысымызды басқарғанына алты ай болып қалған Алтай  Көлгінов мемлекеттік ақпараттық саясатпен қатар баспасөзге өңірдегі өзекті мәселелерді қозғап, халықтың көкейіндегі проблема­ларды шешуге атсалысуды тапсырған болатын. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, облыстық басылымдардың 100 жылдығы қарсаңында  бүгіннен бастап қолға алынып  отырған басты жұмыстарды  әңгіме  етпекшіміз.


  Ең алдымен облыстық га­зеттердің логотиптері жа­ңартылып отыр. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасадық. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің лого­тип­­тері де осындай ықшам бол­ған екен. Қазіргі ғаламтор саласы қа­рыштап дамып, жаһан­дану жедел­деген заманда басылымның ата­уы, мақа­лалар­дың орналасты­ры­луы, безендірі­луі жа­ңаша болуын талап етеді. Сол бағытта бар білім-білігімізді са­лып, қал-қадеріміз жет­кенше  жұ­мыс­танбақшымыз.100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5

  Екіншіден, қос газет тәуелсіз­діктің 25 жылдығына және өзде­рінің мерейтойларына байланысты жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырады. Мысалы, бұрыннан бар «Айналайын», «Алтын бесік», «Ардагер», «Иман», «Үзіліс», «Ине-жіп», «Бағбан», «Бал­ға-шеге», «Гүлдәурен» сынды беттерге қоса «Хат жолға шақырады» айдарымен журналистер арнайы іссапарға шығып, соның қоры­тын­дысы бойынша сараптап, мақала береді. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «100 жылдыққа –100 тұлға» айдарымен материал­дар беріледі. «Тәуелсіздік толқы­нында», «Ғасыр жаңғырығы», «Оқыр­ман олжасы», «Мыңнан бір сәт» пен «Фотоайғақ», «100 жыл және бір сәт», «Менің газетім» секілді айдарлар да оқырманды тартары анық. Облыстық «Приуралье» газетінде де «Достояние Независимости», «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік ел», «Ровесники Независимости», «Летопись Независимости», «Летопись Приуралья га­зетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала га­зета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа айдарлар көрініс таппақ.

  Үшіншіден, газеттердегі мате­риал­дарды жаңа тех­­нологиялар арқылы тарату жобасы қарастырылады. Бұл үшін басы­лымдар­дың материалдық-техни­ка­лық базасын одан әрі нығайту жұмысы қолға алынады. Әсіресе, газет ма­териалдарын заман талабына сәй­кес оқырмандар наза­рына тезі­рек жеткізу айрықша на­зарда болады. Осы мақсатта га­зеттер­дің әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамыту, жазыл­ған мақа­ла, ақпарат, жаңалықтар­дың сол бойда газет сайттарында жарияланып, барынша жедел тарауын ұйымдастыру жұмыстары жасалады.

  Қазіргідей ғаламторға көбірек назар аударылған заманда сайт­тар мен әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланбасқа болмайды. Бұл ретте әлеуметтік желідегі белсенділермен  бас қосып, олардың ұсы­ныс-пікірлерін ес­­ке­ре отырып, тиісті шара­лар алынады. Сайтта­рымыз­дың жұмысын жетілдіріп, танымал­ды­лығын арт­тыру бағы­тын­дағы іс­теріміз жал­ғасады. Жүйрік ақпараттарға қо­­са бейнежаңалық­тарды, олардың аудио­нұсқа­ла­рын беріп отыру қолға алынады. Өйткені кей адамдар хабар, мақалаларды оқуды қиын­сынуы мүмкін, сондықтан оларға көріп, тыңдауға мүмкіндік жасалады. «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің сайттарында мерейтойлық материалдарды орналастыру үшін «Бізге – 100 жыл» арнайы бөлімі ашылады. Арнайы бөлімдегі материалдар үш бөлік-ке топталып орналастырылады: 1) - газет тарихы; 2) - газет қызметкерлері; 3) - мерейтойлық материалдар. Оған қоса zhaikpress.kz сайтынан қос газеттің сайтына шыққан мерейтойлық материалдар көрінетін бөлім, ал әлеуметтік желіде «Жайық Пресс» па­­рақшаларынан бөлек газеттің 100 жылдығына қатысты арнайы парақша ашылады. Сайтқа шық­қан материалдар сол парақшаға да орналастырылатын болады. Себебі жаңалықтар парақшасына орналастырылған тарихи материалдарды кейін әлеуметтік желіден табу қиындыққа түседі. Ал бұл парақша әлеуметтік желідегі архивіміз әрі тек мерейтойдан хабар беретін (тарихи материал­дар, дайындық, мерейтойдың өту барысы) арнайы парақша болып қалады. Әлеуметтік желілерде га­зеттер тарихына қатысты ин­тел­лектуалдық ойындар ұйым­дасты­ру ісі де қолға алынады.

  Тұрғындармен тікелей бай­­ланысты жақсарту мақ­са­тында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қо­сылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, га­зетке немесе сайтқа өз тақыры­бын ұсына алады. Сонымен қа­тар шешілмей келе жатқан өзек­ті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді.

  Төртіншіден, Батыс Қазақстан облысынан шыққан тарихи тұл­ғаларды кеңінен таныстыру жұ­мыстары жалғасады. Осы мақсат­та газет беттері мен сайттарда арнайы материалдар сериясы жа­рық көрмекші. Бұл ретте Алаш­орданың 100 жылдығына байланысты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен елге жасаған қызметі ерекше назарда болып, көпші­лікке жария етілмекші. Соның ішін­де тұстастары «Абайдан кейінгі ақын...» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақ­стан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қа­раштың екі томдық шығар­ма­лар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақшы. Мұнда Ғ. Қа­раштың өлеңдері, әдеби шы­ғармалары, мақалалары, көсемсөз­дері, пәлсапалық ой-тұжы­рым­дары, жинақтаған ауыз әдебие­ті туындылары енгізіледі. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған  елеулі үлес болмақ.

  Бесіншіден, соңғы жылдары қос газеттің тарихын зерттеу бағы­тын­да көптеген жұмыстар қолға алынып, бірнеше жинақ жарық көргені белгілі. Кейінгі кезде та­былған тың деректер бұл кітаптарды жаңарту қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай де­ректі-жылнамалық жинақ әзір­леу­­ге кірісті. Жинақта облыстық га­зеттердің тарихы, кезеңдері, атау­лары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер бе­ріледі. Болжалды көлемі 300-350 бет. Сонымен қатар 1919-1920 жылдары Орынбор қаласында шыққан «Ұшқын» газетінің тарихын зерттеп, жинақ дайындау, «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында Баспасөз тарихы музейін ұйым­дастыру көзделуде. 2017 жылы облыстық газеттердің 100 жыл­ды­ғына орай республикалық ғылыми-практикалық конферен­ция өткізіп,  оған елге белгілі бас­па­сөз тарихын зерттеуші ғалымдар­ды қатыстыра отырып, соның қорытындысы ретінде жинақ шығарсақ, бұл да бір кейінгі ұрпаққа естелік болып қалар еді.

  Алтыншыдан, қос газет­тің мерейтойына арналған шараларды жоғары дең­гейде ұйымдастырып, өткізу­дің маңызы зор. Бұл үшін газет беделін одан әрі көтеру ба­ғытында облыс орталығындағы іргелі мекеме-кәсіпорындар мен ауданауылдарда «Орал өңірі» мен «При­уралье» газеттерінің кү­нін өткізу арқылы жұртшылық на­за­рын ау­дару жұмыстары атқары­лады. Ға­сырлық тойды лайықты атап өту үшін өңірдегі жетекші компания, кәсіпорындармен тиім­­ді байла­ныс орнату ұдайы назарда болмақ.

  Жетіншіден, облыстағы меке­ме-ұйымдармен бірлесе отырып, бірнеше бағытта шаралар ұйымдастыру ойластырылуда. Атап айтқанда, облыстық басқармалар­мен бірге барлық мектептердің қатысуымен өңір шежіресін жи­нақтау мақсатында тарихи-танымдық экспедиция, облыс оқу­шы­­ла­ры арасында жеңіл атлетикадан жарыс, қалада велошеру, Қайрат Жұмағалиев атында шығар­машылық байқау, өмірден ерте кеткен әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға ар­налған фотобайқау, облыстағы БАҚ өкілдері арасында спорттық сайыстар және басқа шаралар күн тәртібінде тұр. Жастарды га­зетті тұрақты оқуға тарту үшін жастар аудиториясына арналған «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыз­дар» беті жиірек шығып, «Жастық шақтың жарқын сәті» атты фотоконкурс ұйымдастырылып, бо­ла­­шақ ересек оқырмандар тол­қы­нын қалыптастыру үшін балалармен жұмысты онан әрі жандандырып, дәстүрлі балалар шы­ғармашылығына арналған бай­қау жалғасады. Сондай-ақ 100 жылдық аясында «Ең елгезек мекеме» аталымы бойынша ре­дакцияның сауал-хаттарына тез жауап беретін мекеме-кәсіпорын басшылығы, «Ең белсенді автор» аталымы бойынша ел ішіндегі ең белсенді авторлар марапаттала­тын болады. Редакция ардагер­лерімен байланысты жетілдіріп, газет тарихынан сыр шертер та­ғылымды мақала-материалдар мен тартымды фотоларды жария­лап отыру назарда болмақ. Қа­зақ­станның көрші облыстық газеттерімен бет алмасу, балалар үйі түлектеріне, мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын ұйым­дастыру және басқа мың-сан жұмыстар кезегімен атқарыла бермек.

  Міне, құрметті оқырман, қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқа­рылатын жұмыстардың бірсыпырасын айтып өттік. Газетіміздің түр-келбеті мен мазмұнына байланысты сіздің ұсынысыңыз, алып-қосарыңыз қандай, оны да біл­гіміз келеді. Ең бастысы, ғасыр­лық тойды өз дәрежесінде атап өту үшін бар күш-жігерімізді саларымыз анық. Әрдайым жүзіміз жарқын, жолымыз айқын болсын, ағайын!

Жантас  САФУЛЛИН

«Жайық Пресс» ЖШС  бас директоры

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале