22.09.2016, 10:06
Оқылды: 49

Атты полицей көрсеңіз, таңғалмаңыз…

%d0%b0%d1%82%d1%82%d1%8b-%d0%bf%d0%be%d0%bb%d0%b8%d1%86%d0%b5%d0%b9-%d0%ba%d3%a9%d1%80%d1%81%d0%b5%d2%a3%d1%96%d0%b7-%d1%82%d0%b0%d2%a3%d2%93%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d0%b0%d2%a3%d1%8b   Алдағы жылы Оралда полицейлердің атты взводы пайда болатыны жөнінде бұған дейін құлағдар едік. Жақында осы хабардың жай-жапсарын білу мақсатында облыстық ішкі істер департаменті  жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғаб-дуллинге жолықтық. Ол дайындық барысы мен ұйымдастыру шаралары жөнінде баяндады.


Оның айтуынша, қазіргі уақытта атты взвод орналасатын ғимарат Зашаған кентінің Пятимар көшесінде, облыстық ішкі істер департаментінің құқықтық тәртіп пен арнайы дайындықты қамтамасыз ету базасында салынып жатыр. Күні бүгінге взводқа аттестациядан сәтті өткен 25 үміткер қабылданыпты. «Жасыратыны жоқ, жолпатрульдік полиция бөлімінің қызметкерлерінің 90 пайыздайы күні кешегі ауылдың қарадомалақ балалары ғой. Аттың құлағында ойнайтын жігіттер бар екен полицейлер сапында. Шабандозға тән қасиетін көріп, таңғалып жатырмыз. Алғашында қызығушылық танытқандар көп болды. Бірақ аттың үстінде отыруға ерекше қабілет пен мығым күш, еп керек. Соны ескердік. Взводқа қабылданғандар әлі де арнайы жаттығу жасап, күш-жігерін, әдіс-тәсілін шыңдай түсуде. Жобаны қолға аларда Тараз қаласындағы атты взводты көрдім. Әріптестер тәжірибесіне қанығып қайттым», — деді Манарбек Серікқалиұлы.

Полицей-кавалеристер қала маңындағы саяжайларды торуылдап қана қоймай, шаһардағы көпшілік жүретін мәдени-демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектеспек. Взвод құрамында екі атбегі, бір ветеринар бар. Сонымен қатар ер-тұрман жөндейтін, ат тұяғына таға жасайтын бір ұста алынған.

Жоба жөнінде саяжай қауымдастықтарының төрағалары мен тұрғындарына құлаққағыс қылғанда, олар игі бастаманы бірден құп алған. Бұл аумақтарда көктемде оралған үй иелері көбіне ұрлық болғанын айтып, шағымданып жатады. Саяжайға, әсіресе, баспанасы жоқтар үйір. Арасында іздеуде жүрген қылмыскерлер де болатыны жасырын емес. Қуғынға түскендер осында келіп, ізін суытып кетеді. Тіркелмеген қарулар да табылып жатады екен. «Алты айдың қорытынды есебін жасарда қарауылшылармен бірге саяжайларды араладым. Кейбір үйлерге біреулердің рұқсатсыз кәдімгідей орнығып алғандарын байқадық. Иесіз саяжайларын пайдалануға беру жөнінде облыс әкімдігіне ұсыныс жасалған. Меншікке алғандар да саяжайды бос қалдырмай, ең болмаса, шаруашылық жүргізуге жалға бергендері дұрыс», – деді Манарбек Ғабдуллин. Бір жағынан, саяжайлардың қалалық мекенжай тіркеуіне алынбауынан да көптеген мәселе туындауда. Қыс кезінде тәртіп сақшылары шақырту болғанда ғана барады екен.

Келесі жылы атты патруль осы олқылықтың орнын толтырмақшы.

Саяжайда профилактикалық шаралар күшейіп, тұрғындар еш алаңсыз ұйықтайтын күн де жақын. Манарбек Ғабдуллин атты взводты алғаш қолға алып жатқан соң, кейбір мәселелерді алдын ала ескеріп жатқандарын айтты. Оқыс оқиғадан хабар түскенде қала ішінен атпен шауып өту мүмкін емес екені белгілі. Сондықтан уақыт ұту үшін патрульдік көліктерге жылқы тиейтін үш дана тіркеме алынбақ. Оның біреуіне үш қылқұйрықты еркін сыйып кететін болады. Облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин қазіргі уақытта патруль қызметіне лайық арғымақтарды іріктеу үшін жергілікті мамандармен ақылдасып жатқандарын айтты.

Полицей-кавалеристің күдіктіні ұстаған сәтте ескеруі тиіс нұсқаулар нормативтік құжаттарда нақты белгіленген. Мәселен, жеңіл көлік жүре алатын тұсқа жеткен соң тұтқынды автопатруль экипажы қабылдап алады. Атты патруль қаладағы қоғамдық тәртіпті нығайта түсуге себеп болмақшы. Алғашқы жылдары жоба сәтті жүзеге асса, ауыл-аймақта да бұл тәжірибе кең қанат жаюы мүмкін.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

 www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале