21.10.2016, 13:24
Оқылды: 86

Күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның композициялық ескерткіші салтанатты түрде ашылды

%d0%ba%d1%83%d1%80%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b3%d0%b0%d0%b7%d1%8b-%d0%b4%d0%b8%d0%bd%d0%b0-%d0%b5%d1%81%d0%ba%d0%b5%d1%80%d1%82%d0%ba%d0%b8%d1%88   Бүгін шаһарымыздағы Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелердің қиылысындағы демалыс алаңында күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның композициялық ескерткіші салтанатты түрде ашылды.  Осы шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, белгілі өнер қайраткерлері Орынбай Дүйсенов, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестірінің директоры жерлесіміз Нұрғиса Дәуешов және өзге де өңіріміздің зиялы қауым өкілдері  қатысты. Ескерткішті салтанатты ашу құрметі облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері   күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағанға ұсынылды.


Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы  алыс-жақыннан арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдірді.

-Бүгінгі оқиға - тарихи оқиға деп айтуға болады. «Нағыз қазақ, қазақ емес - нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр ағамыз айтқандай, домбыра - қазақтың жан жүрегі. Сонау ұлы даладан қаншама ұлы тұлғалар шықты. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаға арнап ескерткіш қойдық.  Биыл Дина Нұрпейісоваға - 155 жыл. Біз зиялы қауым өкілдерімен, халықпен  ақылдаса келе  Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелер қиылысатын осы демалыс алаңына Дина анамызға ескерткішті ұстазымен бірге  қойғанды жөн санадық.  Құрманғазы атамыз бен Дина әжеміз өз шығармаларында еркіндікті аңсап, тәуелсіздікті армандаған. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылып отырған бұл ескерткіш - ұрпақ үшін өнеге, - деді салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы Алтай Көлгінов.  Шарада театрландырылған көрініс қойылып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалды.

- Құрманғазы бабамыз мен Дина шешемізге арналған ескерткіштің бой көтергені біз үшін үлкен қуаныш. Бұл мәдени жаңалық деуге болады. Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ең бірінші Атырау қаласында ашылды. Кейіннен Астана, Алматы қалаларында бой көтерді. Бүгін Орал шаһарындағы салтанатты шараға келдік, дейді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестірінің директоры Нұрғиса Дәуешов.

Сондай - ақ мәден шара облыстық түстен кейін облыстық  қазақ драма театрында өтетін  Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі, Атырау облысының Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрлерінің біріккен «Күй дүлділдерінің дүбірі» атты концертке жалғаспақ.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале