21.10.2016, 22:55
Оқылды: 120

Аққұмнан табылған қылыштар

%d0%ba%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d1%8804    Суретте көрсетілген қос қылышты редакциямызға Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл орта мектебінің тарих пəнінің мұғалімі, мектеп музейінің жетекшісі Əділет Мусағалиев алып келді.
Əділет Қайратұлы екі қылыштың егіндікөлдік тұрғындардың қолына түсу тарихы туралы əңгімелеп берді.


   Жезден жасалған сабы бар қайқы қылышты ауыл тұрғыны Сәкен Базарбаев мал бағып жүріп, Аққұмның етек жағындағы Зәши тал тоғайының маңайынан 1966 жылы тауып алыпты. Содан бері қылышты жарты ғасыр бойы үйінде сақтап келіпті. Қылыш иесінің айтуынша, көне жəдігердің барын естіп, саудалай келген коллекционерлер де аз болмапты. Тіпті кейбіреулері қайқы қылыш үшін 300 мың теңге ұсыныпты. Сабымен қосқандағы ұзындығы 102 см құрайтын қылыш жақсы сақталған.

   Екінші қылыштың тұрқы сəл қысқалау болғанмен, ұзындығы алдыңғы қылышқа жетеқабыл. Бір əттегенайы, алғашқы кезде үй шаруасында өзге мақсаттарға пайдаланылған қылыштың ұшы сынып кетіпті, сабы да жоқ, ұзындығы 95 см.

- Екеуінің жасалу әдісіне қарасақ, бір заманның қылышы екенін аңғаруға болады. Тек біреуі қайқы, екіншісі тіктеу жасалған,- дейді, Әділет Мусағалиев.

Бұл көне бұйымның иесі - Сұлтанбек Құрмашев қылышты осыдан 3 жыл бұрын, 2013 жылы, Қалдығайты өткелінен өтіп, Аққұмның етегіндегі Қаратал тоғайы тұсынан тауып алған.

Құмға көміліп жатқан темірдің шетін көрген Сұлтанбек «Бұл не екен?» деп жақындап барып қазып қарағанда, тот басқан қылыш екенін көріп, үйіне алып келіпті. Бұл туралы бізбен сұхбатында Əділет Қайратұлы айтып берді.

-Ауылымыздан табылған бұл қарулар мектеп музейі үшін маңызы зор жәдігер болып табылады. Бірақ бұл қылыштарды кім ұстағаны, қашан жəне қайда жасалғаны, қандай шайқастарда қолданылғаны, қай ғасырға тиесілі екендігі туралы ешқандай дерек жоқ. Ал тарихи дерегі болмаса, жəдігердің құндылығы да төмен болатыны белгілі. Сондықтан бұл бұйымдар əлі де терең зерттеліп, тарихшы ғалымдар тарапынан өзіндік бағасын алады деп сенемін, - деді музей жетекшісі.

www.zhaikpress.kz

Әділғазы Кереев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале