16.11.2015, 11:05
Оқылды: 38

Автордың келісімін алмасаң, айыппұл төлейсің, тіпті түрмеге жабылуың да мүмкін...

Avtorlik kykik   Облыстық кәсіпкерлер палатасы «Аманат» авторлық және аралас құқықты қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымымен және «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ-мен бірлесіп, дөңгелек үстел ұйымдастырды. Бұған ойын-сауық орындары мен мейрамхана, ірі сауда нүктелерінің қожайындары және БАҚ  өкілдері қатысты.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Мағрипа Нықышева жүргізіп, қатысушыларды дөңгелек үстелдің күн тәртібімен таныстырды. Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген  «Аманат» авторлық және аралас құқықты қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымының жетекшісі Любовь Балмағамбетова мен «Абырой» авторлық қоғамы» РҚБ бас директоры Азамат Тілеужанов жиналғандарға авторлық құқ мәселесіне қатысты заңды бүге-шүгесіне дейін түсіндірді. Любовь Юрьевнаның айтуынша, ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар» туралы заңы 1996 жылы 10 маусымда қабылданды.

- Өздеріңіз күнде көріп жүрсіздер, халық көп жиналатын кез-келген қоғамдық орындарда әдемі әуендер жиі пайдаланылады. Мысалы, теле және радиокомпаниялар, кабельдік операторлар, театрлар мен филармониялар, концерттік бірлестіктер, дәмханалар мен мейрамханалар, түнгі клубтар, дискотекалар мен көлік ұйымдарында, сұлулық салондарында және басқа да көптеген орындарда үнемі музыка ойнап жатады. Ал бұл әуендердің авторлары бар, олар-әнді шығарған сазгер, сөзін жазған ақын және орындаушы. Олар жаңағы шырқалып жатқан әуендердің авторлары, яғни шығарманың иесі болып табылады. ҚР «Авторлық құқы және сабақтастық құқықтар туралы» Заңының 16-бабы 5-тармағына сәйкес автордың немесе өзге де құқық иеленушінің туындыны пайдаланудың әр  түрі үшін сыйақы алуға құқы бар. Оның мөлшері мен есептелу тәртібі авторлық шартпен немесе авторлардың мүліктік құқтарын ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгіленеді. Қазір не көп, әнші көп, олардың бәрін іздеп тауып, жеке өздерімен шарт жасасу мүмкін емес. Сондықтан, авторлардың шығармашылық туындыларын пайдаланушылар еліміздегі ән авторларының құқығын қорғайтын Қаз­АҚ, «Абырой», «Аманат» және «Ән авторлары­ның одағы» (САП) секілді бірнеше ұйымдардың бірімен лицензиялық шарт жасасып, авторларға осы ұйымдар арқылы тиісті қаламақыларын төлеп отыруы керек. Заң бойынша әннің авторлары өмірден өтіп кеткен жағдайда, қаламақы олардың ұрпақтарына аударылуы тиіс.  Егер олар табылмаған жағдайда, қаламақылар аталған ұйымдарда мәңгілік сақталады. Авторлардың ұрпақтары кез келген уақытта әкелерінің әндері үшін есептелген қаламақыны келісім-шартқа сәйкес осы ұйымдардың бірінен алуына болады. Заң бойынша орындалған ән шетелдікі болғанның өзінде, келісім-шарт бойынша ол жақтағы басқару ұйымына қазақстандық ұйымдар қаламақысын аударуы керек.

Әуенді өз мекемелерінде пайдаланушылар авторларға немесе олардың сенімді өкілдеріне тиісті қаламақысын төлемеген жағдайда, олар ҚР «Авторлық құқы және сабақтастық құқықтар туралы» Заңның талаптарын орындамаған болып танылып, жауапқа тартылады. Айыппұл салынып, тіпті бес жылға дейін мерзімге темір торға қамалуы да мүмкін.

Ағымдағы жылдың 9 айында еліміз бойынша 327 контрафакт жағдаяты орын алды, яғни авторлардың шығармалары осыншама мәрте рұқсатсыз пайдаланылды. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша құзырлы органдар айналысуда, -деген Любовь Юрьевна әндер диска немесе флешкадан тыңдалса да, оны пайдаланған адамдардан қаламақы  талап етілетінін айтты. Оның сөзінше, автобустарда автомагнитол  арқылы ән жіберу де заң бұзушылыққа жатады екен. Ол, сондай-ақ, егер ән автордың рұқсатымен орындалған жағдайда, қаламақы талап етілмейтінін жұртшылықтың қаперіне салды.

www.zhaikpress.kz

   Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале