16.05.2016, 18:17
Оқылды: 74

Адасқан махаббат

teatr    Сенбі-жексенбі күндері облыстық қазақ драма театрында жазушы –драматург Софы Сматаев пен кинорежиссер, кинодраматург Талғат Теменовтың «Адасқан махаббат» атты мұңды драмасының премьерасы өтті.


     Қ. Қуанышбаев атындағы Астана сазды драма театрының режиссері Сұлтан Сраилов қойған қойылымда тұрмыс тауқыметі, баянсыз махаббат, өмірдегі сатқындық пен әділетсіздік бейнеленеді.  Есірткі сатып қолға түскен Нұрбақыт заңның бүкіл бабын жатқа білетін сауатты жігіт.  Ақ қан ауруына шалдыққан анасының дертіне дауа тапсам деп, осы қадамға барғанын полиция полковнигі түсіне қомайды.  Әкесіз өскен Нұрбақыт өмір құйтырқысына әбден үйренген. Қажет кезінде  жынды да, ауру да, ақымақ та, ақылды да  бола алады. Өзіне тән өрлігі де жоқ емес.  Нұрбақыт пен полиция полковнигі Қайыржанның арасында өрбіген диалогта ол «Өмірімде тек анамның алдында ғана тізе бүгем деп едім, сіздің алдыңызда да анам үшін тізе бүгіп, жалынып тұрмын, бұл іске анамды араластырмаңызшы» деп жалынады. Алайда қаһарына мінген полиция полковнигі анасына хабар бергізеді. Екеуара әңгіме арасында Қайыржан өзінің де дәл алдында тұрған Нұрбақыттай жас кезіндегі сәулелі сәттерін еске алады. Шынайы сезіммен жақсы көрген  Мәрияммен өткен жарқын  күндері мен бір ақ түнде мансапқа сатылып, министрдің қызымен тағдыр қосқан өмірінің бір үзік сәттері көз алдынан өтіп жатады. Алдында тұрған «Ақымақ, әкесіз өскен жетім, сенің осы жолға түскеніңе анаң кінәлі» деп табалап тұрғаны бір кездері өзі мансап пен байлыққа айырбастай салған баянсыз махаббатының жемісі екендігін ол білмейді. Алайда ұлына жанұшырып жеткен Мариям бір кездегі адасқан махаббатын жазбай танып, ұлын әкесіне аманаттайды. Қайыржан да осы жерде өзінің махаббатта адасқандығын мойындайды.

    Қойылымдағы басты ролде Нұрбақыт (Манас Кенжетаев), Қайыржан(Теміржан Матаев), Мариям (Қорлан Шамелова) Қайыржаннның жас кезі Ринат Сабырғалиев) Мариямның жас кезі(Елена Есендосова), Клара (Тоғжан Ғабдоллаева) ойнады. Қойылымының қоюшы суретшісі –Қайыр Оразғалиев. Жалпы түйгеніміз ақ пен қара араласқан өмірде әр нәрсенің сұрауы бар. Өмір қалтарысындағы  адамның әр басқан сәтсіз қадамы қайта айналып өзін табатындығын осы қойылым дәлелдегендей. Шынайы жақсы көру, төзіммен күте білу, адасу, кешіру, мойындау сезімдерін өн бойына сидыра білген қойылым көпшілікке ұнады деген ойдамыз.

 www.zhaikpress.kz

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале