20.08.2015, 17:10
Оқылды: 64

Айбары асқақ Ата Заң

Konstitucia kynine shara   Облыстық ішкі саясат басқармасында «Конституцияға 20 жыл: Тәуелсіздіктің тірегі - Ата Заң» атты дөңгелек үстел өтті. «Заман» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жамал Ихсанова еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында, қоғамдағы береке-бірліктің қалыптасуында Конституциямыз үлкен рөл атқарып келе жатқанын атап өтті. Ата Заң - саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің кепілі.

-Ұлы даланы мекендеген бабаларымыздың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Мәселен, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазіргі Конституциямыздың ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Ал ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі. Одан кейін де республикамызда бірнеше Конституциялар өмірге келді. Соның алғашқысы 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен дайындылған Конституция еді. Бірақ оны РСФСР Орталық атқару комитеті бекітпегеннен кейін ол күшіне енген жоқ. Ал 1937 жылдың 26 наурызында Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекіткен Конституцияның қырық жылдық ғұмыры болды. Осы құжаттың орнын «кемелденген социализм» аталған заманның 1978 жылдың 20 сәуірде қабылданған Конституциясы басты. Міне, осы құжат ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жазылып, 1993 жылғы 28 қаңтарда қолданысқа енген Қазақстанның төл Ата Заңына дейін өмір сүрді. Елдің егемендігін танытатын бұл тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді. Алайда, уақыт өте келе, заман ағымы мен сұранысына қарай, Бас заңымыздың кейбір тұстары нарықтық қоғамдағы өзгерістерге сәйкес болмай шыққаны байқалды. Сондықтан да арада екі жыл өткенде 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданды,-деді өз баяндамасында облыстық әділет депатаментінің бөлім басшысы Нұркен Қамбетов.

Ал «Заман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаевтың айтуынша, Конституцияны басшылыққа алған қазақстандықтар тәуелсіздікті нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істерді атқарды. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған еліміздегі түрлі ұлт өкілдері Ата Заң қағидаттары төңірегіне топтасты. Соның нәтижесінде Қазақстан айбыны асқақ, әлеуеті зор елге айналды.

www.zhaikpress.kz

Мәди ЫҚЫЛАС

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале