26.09.2015, 15:59
Оқылды: 24

Айттан айтқа аман жетейік!

Zelenov Aittan aitka jete berey   Құрбан айттың алғашқы күні зеленовтық жамағат Жаратқанға құлшылық етіп, елдің амандығына дұға-тілектерін арнады. Ертемен мешітке келген аудан әкімі Кәрім Жапақов  тұрғындарды ұлық мерекемен құттықтап, игі істерінің қабыл болуын тіледі.

Мұқым мұсылман қауымындай таңсәріден мешітті бетке алып,  айт намазына асыққан ағайын алдымен уағызға ұйыды. Алланың үйіне жиылған жамағатты қасиетті мерекемен құттықтаған аудан басшысы: - Ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге бастаған мүбәрак мейрам – Құрбан айт құтты болсын! Бүгінгі дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымыз, шалған құрбандықтарымыз қабыл болғай! Отбасымыз аман болғай, толайым табыс тілеймін, - деді.

Бұдан кейін жұртшылық айт намазына жығылып, сәждеге маңдай сүйгізді. Жаратқанға құлшылық етіп, бас амандығын, елдің бірлігін тіледі. Намаздан соң құрбандыққа шалынар малға құран оқылып, игі амалдың қабыл болуы ниет етілді. Ұлық мереке әрі қарай ерекше мәнерде өрбіп, ұлттық ойындарға ұласты. Мешіт жанынан тігілген киіз үйде жамағатқа арналып дастархан жайылса, балалар білек күшін байқасып, асық атып, қазақ күресінен сынға түсті. Көлеңкеде отырып тартысты тамашалаған үлкендер жағының әңгімесіне ел бірлігі, ұлт болашағы арқау болды. Күресте күштілігі мен ептілі танылған апайтөс жігіттер жүлдегер атанса, асық атудың мергендері, білек сайысының шеберлері де марапаттан құр қалмады. Ортасынан озып шыққан мықтыларға жастармен жұмыс жөніндегі ресурс орталығы алғысхаттар ұсынып, жеңімпаздарға қазақ хандығының 550 жылдығына орай мұқабасына хандарымыз бейнеленген дәптерлер мен өзге де сыйлықтар тарту етілді.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Тоғызбайұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале