3.03.2016, 10:11
Оқылды: 35

Алғыс айту күнінің маңызы өте айрықша

????????????????????????????????????

 “Қазақстан – 2050” Стратегиясымен алға басқан Қазақ еліндегі татулық, түсіністік, жарасым бүкіл әлемге әйгілі. Бұл құндылықтарымызды еселеп, нығайту бұл таңдағы әлем-жәлім әлемде  бізге ауадай қажет.  Осы орайда биыл алғаш рет аталып өтіп отырған Алғыс айту күнінің маңызы өте айрықша.


Ақжайық ауданының орталығы - Чапаевта мерекелік салтанатқа жиналғандар алдындағы өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімі Әділ Жоламанов бұл туралы кеңінен әңгімелеп берді. “Бұл күн көпэтносты, көпконфессиялы Қазақстан үшін терең тарихи және рухани мәнге ие”,- деді ол. Аудан басшысы Алғыс айту күнінің барлық этностың бір-біріне және дархан жеріміздің түпкі иелеріне деген ризашылығының, Отанға адалдығының, жасампаз еңбекке жұмылуының нышаны екенін атап көрсетті.

Қазақ жұрты қиын-қыстау заманда тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностардың өкілдеріне түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді,  оларға қолдан келген барлық көмекті көрсетті, түйір нанға дейін бөлісті. Сондықтан қазаққа талай ұлт өкілдері әманда терең тағзым жасайды, өздері көрген жақсылыққа риясыз көңілден ризашылықтарын арнап жүреді. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр мерейтойы жылы елімізде тұңғыш рет аталып өтіп отырған Алғыс айту күні бауырластығымыздың, тұтастығымыздың үлкен белгісі, бай дәстүрімізді одан әрі айшықтайтын мереке болып табылады.  Біз алуан ұлт-ұлыстың салт-дәстүрімен, мәдениетімен рухани бай ел болып табыламыз. Соның бәрі,-деді Әділ Тауфиқұлы,- түптеп келгенде, бүкіл қуатымыздың берік іргетасы, саяси, әлеуметтік, мәдени міндеттерді шешудің зор кепілі, заманның сын қатеріне жауабымыз болып табылады.

Ортақ шаңырағымыз – Қазақстандағы бұл күн жүрекке ерекше жақын, жарқын мереке, келешекке сенімді тіпті нығайтатын күн екенін еңбек ардагерлері Валентина Телағысаова, Людмила Акутина салтанат төрінен ерекше атап көрсетті.

Ә.Т.Жоламанов Елбасымыздың Жарлығымен “Күміс алқамен” наградталған Чапаев ауылының тұрғындары Ұлмекен Қабдырова мен Ақмарал Кенжеғалиеваға сол марапатты тапсырып, бұл аналарға, олардың үлкен отбасыларына баянды бақ тіледі.

Мереке мәдениет қызметкерлерінің, көркемөнерпаздардың үлкен концертіне ұласты.

www.zhaikpress.kz

Борис МЫРЗАҒАЛИЕВ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале