1.03.2016, 17:48
Оқылды: 19

Алғыс айту күні кеңінен тойланды

Algis aitu sirim datov   Қала жұртшылығы С. Датұлы алаңында өткен мерекелік шарада бас қосып, Алғыс айту күнін атап өтті.

          Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық ұлттардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін бекіткен болатын. Атаулы күнге  орай түрлі ұлт өкілдері мен жастардың басын қосқан мерекелік концерт ұйымдастырылды.


Шараға облысымыздағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері, әр түрлі сала қызметкерлері, мектеп оқушылары мен студенттер, белсенді жастар қатысты.

         Концерт шымылдығы «Арман» вокалды тобының орындауындағы «Қазақстан» әнімен ашылды. Бұдан кейін М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың Н.Ә.Назарбаев атындағы шәкіртақы иелері Елбасыға шексіз алғыстарын жеткізіп  хат жазып, Астанаға жолдады. Ал облысымыздағы этно-мәдени орталықтардың өкілдері аумалы-төкпелі заманда басына іс түскен өзге ұлттарды өз бауырына тартып, ағайынындай сыйлап, қамқорлық танытып келе жатқан қазақ еліне алғыстарын жеткізді. Содан кейін  шешен, кәріс, неміс этно-мәдени орталықтарының өкілдері Данильбек Саратов, Максим Пак, Виталий Доренгоф  қазақ қауымдастығына мерекелік сыйлықтарын табыс етті.

Мерекелік шарада облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен облыс жұртшылығын Алғыс айту күнімен құттықтады.

- Өткен жылы Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессеиясында Елбасымыз Н.Назарбаев 1-наурызды арнайы алғыс күні деп жарияланған еді. Сондықтан бұл күн отбасымыздан бастап ата-ана, бауыр, ағайын-досқа алғыс айтатын күн. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Ел ынтымағын арттырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген барша  қала тұрғындарына, ардагерлерге, жастар мен өскелең ұрпаққа алғыс айтамыз. Қазақ елі мәңгілік елге айналып, көк Туымыз мәңгі желбіресін, - деп тілегін  жеткізді.

Алғыс айту күнінде «Жаныңда жүр жақсы адам» атауымен көрініс қойылып, Тәуелсіз Қазақ елін құру жолында аянбай тер төгіп жүрген жандарға алғыс айтылды. Олардың ішінде көп балалы аналар, дәрігерлер мен ұстаздар, спортшылар мен мәдени қызметкерлер, құтқарушылар мен кәсіпкерлер бар. Жиылған жұрт одан әрі облыстық қазақ драма театры әртістері мен мектеп оқушылары дайындаған  «Ортақ тарих, ортақ тағдыр – біртұтас ұлт» деген атаумен театрландырылған көріністі тамашалады. Шара «Мен алғыс айтамын» флешмобымен өз мәресіне жетті.

www.zhaikpress.kz

Ләззат ШАҒАТАЙ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале