1.09.2015, 19:25
Оқылды: 15

Апатты мектеп сүріліп, жаңадан салынбақ

DSC_0840Зеленов ауданында 2015-2016 оқу жылында барлығы 46 мектеп балаларды білім нәрімен сусындатпақ. Ауданда үш ауысымда оқытылатын мектеп жоқ, әйтсе де, техникалық жағдайы апатты деп танылған Киров негізгі мектебінің оқушылары мен ұстаздары аудан орталығына тасымалданбақ. Бұл туралы аталмыш мектепке өткен алғашқы қоңырау салтанатында аудан әкімі Кәрім Жақыпов мәлімдеді.

Переметное ауылдық округіне қарасты Озерный елді мекеніндегі Киров негізгі мектебі шәкірттеріне алғашқы қоңырауын соңғы рет соғып, есігі мәңгіге жабылды. Оқу жылының басталғандығын жариялап, шәкірттерін білім әлеміне шақырған мектептің техникалық жағдайы қауіпті деңгейге жеткен.

- Өздеріңізге белгілі жыл сайын ауданда үлкен мектептер мен балабақшалар күрделі жөнделуде. Өткен жылы да саз мектебі, екі орталық балабақша және Мичурин мектебі күрделі жөнделді. Ал Киров мектебіне қандай да жөндеу жұмысын жүргізу тиімсіз деп танылды. Сондықтан биыл ерте көктемнен құжаттарын рәсімдеп, бюджет қарастыру арқылы ауылдан жаңа мектеп салуға қол жеткіздік. Мектеп құрылысын жүргізетін жер телімін рәсімдеп қойдық. Жаңа мектептің құрылысы біткенше балалар мен ұстаздар ұжымы түгелдей аудан орталығына тасымалданатын болады. Орталықтағы Камен мектебіне қатынайтын 43 оқушының алаңсыз білім алуына, 17 ұстаз маманның еш кедергісіз жұмыстануына толық мүмкіндік жасадық, тасымал қызметіне жаңа автобус сатып алынды, - деген аудан басшысы ата-аналарға жағдайға түсіністікпен қарағандары үшін ризашылығын жеткізді.

DSC_0926Биылғы оқу жылында аудан бойынша мектеп табалдырығын алғаш аттаған  910 бүлдіршіннің 466-сы мемлекеттік тілде білім алмақ. Мемлекеттік тілде білім алатын балалар санының басымдық алуы, әрине, қуанышты жағдай. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш тіркелген емес. Ауданда мемлекеттік тілде білім беретін мектеп саны – 7 (15%), орыс тілінде оқытатын мектеп саны – 8 (15%),  мемлекеттік және орыс тілінде оқытатын мектеп саны – 31 (68%) екенін ескерсек, бұл – тым-тәуір жетістік. Негізінен, Қасым Аманжолов, Махамбет, Асан, Трекин мектептеріне ана тілінде білім алуға келген балғындардың саны күрт артқан.

Жаңа оқу жылының алғашқы күні 15 жас маман қызметіне кіріскен. Бұл, әрине, сұранысты толығымен өтей алмайды. Ендеше ауданның ұстаздар қатары жас мамандармен әлі де толығады деп күтілуде.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы   

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале