6.10.2016, 10:51
Оқылды: 94

Енесін бағып, алғыс алған ақ келін

%d0%b0%d1%80%d0%b0%d0%b9-%d0%ba%d1%96%d0%bc%d0%b3%d0%b5-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d1%81%d0%b0-%d0%b4%d0%b0-%d2%af%d0%bb%d0%b3%d1%96-%d0%b1%d0%be%d0%bb%d2%93%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d0%b0%d0%b9   Бүгінгі күнде ата-ананы сыйлау, отбасының беріктігі, үлгі алар келіндер туралы көп айтып, көп жазып жатамыз. Тіпті кейбір «ақылдылар» кітаптан жаттап алған ғибрат сөздерді мінбелерден сайрап жатады. Бұндайды қоғамға пайдасы жоқ «қызыл сөз» деуге болады. Алайда  арамызда нағыз қазақтың келіндері жүргенін байқау бермейміз. Олардың инабаттылығы, үлкенді сыйлауы өздерінің қарапайымдылығымен көрінбей де қалып жататыны шындық.


Жақында  жолымыз түсіп, Бөкей Ордасы ауданы, Құрманғазы ауылында сексеннің сеңгіріне шыққан,  атакәсіпті  түлеткен Қалиақпар Мұқанғалиевтің шаңырағында болдық. Ағамыздың жұбайы Ақжан апамыз 76 жаста екен. Осыдан 12 жыл бұрын мертігіп төсекке таңылған анамызды келіні Арай күтіп-бағып келеді.

Арайдың бұл шаңыраққа келін болып түскеніне 13 жыл болған. Үйдің барлық шаруасын атқарып, үш баласының тәрбиесімен айналысумен қатар енесін де бағып-күтуге де уақыт тауып отыр. Өзінің бөлмесінде әппақ болып отырған Ақжан апамыз: -Менің көңілімнің көтеріңкі, шат-шадыман болып отыруым - айналайын Арайжанымның арқасы. Келін болып түскенде, бір жылдан кейін мен оның қолына қарап қалам деп ойлаған жоқпын. Бір бейнет ғой. Бірақ күнделікті қайталанып тұратын менің күтіміме бір қабақ шытпайтын келініме мың да бір ризамын. Оның үстіне жолдасым Қалиақпардың да соңғы кездері денсаулығы сыр беріп жүр. Осылай екеуміздің бар күтімімізді жасап отырған келініме, оны тәрбиелеп өсірген ата-анасы Бекқали құдам мен Света құдағайыма алғысымыз шексіз, -деді.

Расында да, өмірден көріп жүргеніміздей, енені бақпақ түгіл, өзі дүниеге әкелген кішкентайларын бағып-қағуға уақыт таба алмай қалатын жас шаңырақтар жетерлік. Ал Арайдай құрманғазылық ақ келін кімге болса да үлгі болғандай.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Қазталов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале