13.11.2015, 15:17
Оқылды: 38

Ардагерлердің басын қосқан алқалы жиын

Ardagerlerdin basi kosilgan jyin   Жәнібек аудандық мәдениет үйінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жәнібек аудандық филиалының конференциясы оздырылды. Аудан бастауыш ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналысына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, аудан әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мәдениет және спорт жұмыстары жөніндегі тұрақты комиссиясының орынбасары Гүлсім Қадешова, аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Қадимов, ауылдық округ әкімдері, аудан мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерінің басшылары қатысты. Алдымен аудан әкімі Мұрат Рахметұлы құттықтау сөз сөйлеп, аудандық ардагерлер ұйымының атқарған жұмыстарына ризашылық танытып, алдағы істеріне табыс тіледі. Конференцияның күн тәртібінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Жәнібек аудандық филиалының атқарған жұмысы туралы есебі, аудандық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының баяндамасы оқылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстары туралы ұйым төрағасы Амангелді Уәлиев шолу жасаса, аудандық ардагерлер кеңесі тексеру комиссиясының төрағасы Төлеп Батырғалиев баяндама оқыды. Содан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов сөз сөйлеп, облыс көлемінде оздырылған іс-шараларда алдыңғы қатардан көрінген, еселі еңбек етіп жүрген Елеусін Тілебалиев, Самат Наурызалиев, Зейін Сабырғалиев, Әлібек Чурин, Ғарифолла Әбдірешов сынды еліміздің алтын қазыналарын алғыс хатпен марапаттады. Конференцияда ардагерлер ұйымының мүшелері Елеусін Тілебалиев, Самиға Қайырова, Карл Махашев,  Сәния Ғайношева өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, Елбасы саясатының жүзеге асуына, жастармен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, үлестерін қосып жүрген ел азаматтарына алғыстарын білдірді. Күйгенкөл ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Ғарифолла Фазылұлы аудандық ардагерлер кеңесінің конференциясын қорытындылап, қаулы қабылданды.

Конференциядан кейін семинарға кезек беріліп,  Бөкей Ордасынан келген мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Мейрамбек Ғилманов, Қазталовка ауданынан келген мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Досжан Ахметов өз аудандарында жүзеге асырылған жұмыстарды атап өтті. Ат терлетіп келген делегаттарды, ауылымыздың ақсақалдарын республикалық бірыңғай «Жасұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері құттықтап, жыр шумақтарын оқыды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Тахир Зинурұлы қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.

www.zhaikpress.kz

Арайлым КЕСЕКОВА

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале