20.04.2016, 20:57
Оқылды: 26

Ардагер дертінен сауықтырған дәрігерлерге алғысын білдірді

12321     Осыдан екі апта бұрын Ақсай қаласының іргесіндегі Қызылтал елді мекенінің тұрғыны әрі сол ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Тасимов Ақмәдиұлы облыстық онкологиялық диспансеріне өкпе дертінен аса ауыр халде келіп түскен болатын. Емін жасап, дертінен сауықтырып, өмір сүруге құштарлығын арттырған медицина ғылымының кандидаты, алтын қолды дәрігер Аманов Тайман Төреғалиұлына және диспансердің бас дәрігері Рабаев Есенгелді Байзоллаұлына алғысын айтады.


      -Мен осында «өлуге үш күн қалғанда келеді» деп қазақ айтқандай, қатты ауырып, сөйлей алмай, өз бетіммен жүре де алмай, денсаулығым өте нашар болып келгенмін. Сәуірдің 9-ы күні түстім, демалыс болса да, қарсылап алып, жағдай туғызып, бүгін әжептәуір жақсы болып қалдым.

     Тура бір жыл бұрын өте ауыр халде, асқынған ішек ауруымен жұбайым Әлима Тасимова да осы ауруханаға түскенде, өлім аузынан алып қалған да осы дәрігер Тайман Аманов болатын. Жанұямызды, бала-шағамыз бен немерелерімізді қуантқан еді.

     Өзім мұнда екі аптадан аса жатқанда көргенім, сенбі, жексенбі күні тынымсыз еңбек етіп, шұғыл операциялар жасап жатады. «Бұлар қашан демалады екен?» - деп ойлап қоямын ішімнен. Аурухананың бас дәрігері Есенгелді Рабаев та өте білімді азамат екен. Екі аптаның ішінде қанша адамның отадан аман-есен шығып, қуанып үйлеріне қайтып жатқанына куә болдым.

     Жоғарыда отырған басшылар осындай қолынан іс келетін, ақ адал жүрегімен, ниетімен халыққа өмір сыйлап, ажалдан арашалап жүрген ақ желеңді абзал жандарға қолдау көрсетіп отырса, қанша науқастың алғысына бөленіп, сауабын алар еді!

  Сондай-ақ химиялық терапия бөлімінің меңгерушісі, сырқаттардың сараптамаларын жіті зерттеп, диагнозына сай ем-домын жасап жүрген Есенғалиева Роза Берікқызына да айтар алғысым зор.

  Бұл дәрігерлер - шипалы емдерімен науқастардың бойындағы дертті ғана емдеп қоймай, адамның жанына да шуағын шашып жүрген үлкен жүректеріне имандылықты ұйыта білген жандар.  Халықтың алғысына бөленіп жүрген бұл азаматтардың еліне әлі де берері көп екендігіне, биіктен көрінеріне еш шүбәм жоқ, - деп ризашылығын білдірген Марат ақсақал қолын жайып, ақ батасын берді.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале