1.04.2016, 16:37
Оқылды: 40

Арманы асқақ, мақсаты айқын Расул

????????????????????????????????????

   Қазақ спорты жайында жанкүйерлер отырып әңгімелесе қалсақ барлығымыз «ауыл спортын көтеру керек», «небір таланттар ауылда жүр»,- деген ой түйеміз. Соңғы кездері ауыл спортына айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Соның арқасында талантты жастар жарысқа шығып, жетістіктерге де жетіп жүр. Өзінің еңбекқорлығы мен талантының арқасында біраз белесті бағындырған жастардың бірі Зеленов ауданы орталығындағы Қасым Аманжолов атындағы мектеп оқушысы Расул Төлеуов.


     Гір спортын серік еткен жас талант бұ күндері артынан ерген інілеріне үлгі, аудан мақтанышы, мектебінің абройын асқақтатып жүрген жан.
Жас бапкер Қанат Жұмағалиевтен тәлім алып жүрген балғын спортшы қандай жетістікке жетті, спорттық жолы қалай басталды, нені армандайды екен?

     Расулдың спорттағы алғашқы қадамы жайында оның бапкері Қанат Жұмағалиев: «Оқушылар бос уақыттарында көше кезіп сенделгенше пайдалы іспен шұғылдансын деген оймен мектепте гір спорты үйірмесін аштым. Спорттың бұл түріне қызығушылар көп келгенімен сол кезде 8 оқитын Расулдың талпынысы ерекше болды. Оның жаттығуға деген жауапкершілігі, берілген тапсырманы бұлжытпай орындап, өзінің көрсеткіштерін жақсарта бергісі келетіндігі қуантатын. Мен емес кез келген бапкер осындай шәкірті болғанын қалар еді»,-деп еске алады.

     Жаттығудан қалмай, бапкер тапсырмасына үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас спортшы алдымен аудандық жарыстарда жүлде сала бастайды. Сөйтіп, аудан оқушылары арасында өз салмағының бірінші нөмірлі спортшысы атанған Расул алғашқы облыстық жарысынан жүлдесіз оралады. Ол жайды: «Әлі есімде Орал қаласында өткен облыстық жарыста 4 орын алдым. Жарыс барысында толқығанымды баса алмай жүлдеге қол созым жерде қалдым. Аздап өкінгеніммен алда талай бәсекелер бар соларда есемді қайтарам деп өзімді іштей жұбаттым»,-деп еске алатын жігіт сол бір кішкене сәттіздікке мойымай жаттығуларын үдетіп, өзі қатысқан жарыстардың барлығынан жүлдемен оралуды әдетке айналдырады. Кейін облыс құрамасы сапына енген соң алғашқы байрақты бәсекесіне жол түседі. Ол жарыс Тараз қаласында өткен оқушылар мен колледж студенттері арасындағы жазғы спартакиада болатын. «Өзімнің алғашқы үлкен жарысымда да жүлдесіз қалдым. Тағы да төртінші орын. Бірақ мені сәтсіздіктер ширата түседі. «Бүгін бағынбаған белесім, ертең бағынады»,-деген сөзді спорттағы ұстанымым етіп алдым»,-дейтін Расул спартакиядадағы есені Шымкент қаласында оздырылған ел чемпионатында қайырды. Өзінің алғашқы ел біріншілігінде күміс медальге ие болуының арқасында облыс құрамасының толыққанды мүшесі атанады. 2014 жылдан бері талай жарыстан жүлде алып жүрген жас спортшы ел чемпионатындағы күміс жетістігін Қостанай және Ақсай қалаларында өткен біріншіліктерде қайталаған. Көпсайыстан гөрі гір көтерудің ұзақ циклін көбірек ұнататын спортшы өзі иеленген үш күміс жүлденің екеуін ұзақ циклден өткен біріншілікте еншілеген.
Өзін спорттан басқа салада көргісі келмейтін Расул: «Мен өмірімді спортқа арнағым келеді. Менің қазіргі жетістіктерімді үлкен спорттық ғұмырымдағы тырнақалды табыстарым ғана деп білем. Болашақта жастар, ересектер арасындағы додаларға түсіп, елішілік қана емес, әлемдік сындардың жүлдесіне қол созсам деген арманым бар. Ол жолда қандай қиындыққа болса да төзуге дайынмын»,-деп ағынан жарылған тұйық жігіттің арманына жетуіне барлығымыз тілекші болайық.

     Міне, үш жылда толайым табысқа жеткен, арманы асқақ, мақсаты айқын жас спортшының тырнақалды табыстары мен спорттық жолының басы осындай. Талай сында оза шапқанымен өз жас ерекшелігінде ел чемпионатының алтынына қол жеткізе алмай жүрген оны еліміздің күмісбегі аталып кеткен атақты боксшымыз Әділбек Ниязымбетовпен теңесек болатындай. Өйткені бабы қанша келіп тұрса да алтынға сынық сүйем жетпей қалу тек Әділбек пен Расулдың ғана қолынан келетіндей. Дегенмен өзі айтқандай сәтсіздіктер оны ширата түседі. Алда талай жарыстар бар Зеленовтың күмісбегі алтын ұл атанатынына сенейік, ағайын.

www.zhaikpress.kz

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале