2.12.2015, 10:58
Оқылды: 26

Асыл тұқымды түлік өсіру жөнінде 3 бірдей мәртебеге ие

Akjayik asil tykimdi tylik   Мал қыстату науқаны Ақжайық ауданының Алғабас ауылдық округіндегі шаруаларда ойдағыдай жалғасуда. Алғабастықтар тек мақтанышпен айтатын ғана емес, атағы алысқа естіліп жатқан шаруа қожалықтарын жас еңбеккерлерге зор өнеге тұтады. Солардың бірі – асыл тұқымды түліктер өсіру жөнінде 3 бірдей мәртебеге ие «Сәбит» шаруа қожалығы болып табылады. Яғни, Ерболат Құрманғалиев басқаратын «Сәбит» осыған дейін қазақтың ақ бас сиырын және көшім жылқысын өсіруден асыл тұқымды мәртебеге ие болса, биыл етті-жүнді Ақжайық қойын өсіретін шаруашылық атанды.

Аталған биязы жүнді қойға байланысты бірталай әзірлік, 4 жыл бойы жұмыс жүргізілді. Ақтөбе облысынан цигай тұқымды 20 аталық алынды. Бүгінде 1500 бастай қой бағылады. Малшы қауым оның мыңнан астам аналығынан келер уақытта ойдағыдай төл алынарына бек сенімді.

Қазір олардың қыстағында 707 ірі қара (431-і аналық), 650 бас жылқы (258-і бие) бар. Биыл 260 бас бұзау, 214 құлын алынды. Мал қыстату науқанын нәтижелі өткізу келешек табыстардың зор кепілі екені сөзсіз. «Біз осы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Күн райының әрбір қолайлы сәтін қапы жібермей, түліктердің бағымын құнттаудамыз»,-дейді малшылар.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале