17.11.2015, 18:37
Оқылды: 26

«Асыл әжелер» ән шырқады

Karatobe Aktobe kempirler   Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Ақтөбе қаласынан арнайы өнер сапарымен келген «Асыл әжелер» халықтық ән ансамблі жергілікті көрерменге концерттік бағдарламасын ұсынды.

 

Ансамбль 2008 жылы Қаракөз Сағынованың жетекшілігімен Ақтөбе қаласындағы «Геолог» мәдениет үйінің жанынан құрылған. Іле-шала халықтық атағын қорғаған ұжым содан бері көптеген облыстық, халықаралық ән байқауларының бас жүлдесін еншілеген. Өнер ұжымы 25 мүшеден тұрады.

«Біздің ауыл тамаша» әнімен сахна шымылдығын ашқан әжелер көрерменді бірден баурап алды. «Керім-ау айдай», «Су тасушы қыз», «Сары бидай», «Қызыл құмда ауылым», «Ағажан, Ләтипа!», «Ақмаңдайлым», «Ақ кимешек» әндері орындалғанда залдағы көрермендер бірге қосыла шырқады.

Әжелер ансамблі Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін үш тілде шырқап, орыс халқының «Уральская рябинушка», татар халқының «Каз канаты» әндерін нақышына келтіре орындап, қошеметке бөленді.

Ансамбль құрамында өнер көрсеткен Ұлан Досмұратов «Ағама», «Біз екеуміз» әндерін, Гүлшат Әбубәкірова «Ана» әнін шырқады.

Концерт жаскелең ұрпақты патриоттыққа, елжандылыққа тәрбиелейтін «Қазақстан - өз елім» әнімен аяқталды.

www.zhaikpress.kz

Серікбай ХАСАНОВ

«Қаратөбе өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале