28.02.2015, 19:09
Оқылды: 38

«Асқақтай бер, Оралым»


 Бейсенбі күні Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда Ұлы Жеңіске арналған «70 жылдыққа – 70 ізгілікті іс» акциясы басталды. Шараның алғашқы ізгілікті ісі  мәдениет саласының ардагері, әнші, әуесқой композитор Еділбай Меңдешовтың «Асқақтай бер, Оралым» атты концерті болды.


Жиналған жұрт алдымен ҰОС-ның құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Армысыздар, ардақты ағайын! Ұлы Отан соғысының зардабы адамзаттың жадынан кетпейді, ешқашан ұмытылмайды. Сұм соғыстың өрті шарпымаған отбасы жоқ.

Бүгінде оның куәгерлері – арамызда  отырған ақ жаулықты аналарымыз бен ақ шашты аталарымыз. Сондықтан алдымен осы жандарға құрмет көрсетейік. Батысқазақстандықтар Ұлы Жеңісімізге тарту болсын деп «70 жылдыққа – 70 ізгілікті іс» шарасын бастауда. Мұндағы мақсат – әрбір ісімізбен бірлігімізді, тыныштығымызды насихаттау, ардагер-лерге құрмет көрсету. Оның шымылдығын бүгін Ақжайық ауданы ашқалы отыр. Осы өңірде өзінің өнегелі өмірін халқының өнеріне, мәдениетіне арнаған Еділбай Меңдешов деген ағамыз бар.

Жасы жетпіс беске жеткен ағамыздың арманы облыс халқының алдында үлкен кеш өткізу болған. Сондықтан ақсақалға ілтипатымызды білдіру үшін осы концертті ұйымдастырдық, – деді акцияның ашылуында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей  Құсайынов.

Одан әрі Отан үшін отқа түсіп, қан майданда ерлік көрсеткен ардагерлердің құрметіне арналған әндер шырқалып, өлеңдер оқылды. Содан соң Еділбай Меңдешовтың «Асқақтай бер, Оралым» ән кешіне жалғасты. Оқу-ағарту саласындағы негізгі қызметімен қоса, әнге әуес болып, 150-ден аса шығарманың авторына айналған өнерпаз ақсақалдың бұл күні онға жуық әні орындалды. ҚР еңбек сіңірген әртісі Жұмағаным Рахимова бастаған өңіріміздегі бірқатар өнерпаздар мен «Ақжайық» би ансамблі кештің әрін кіргізді. Сондай-ақ сазгердің өзі Сегіз серінің, орыс халқының  және басқа әндерді де әуелетті.

Концерт соңында Ақжайық ауданының әкімі Нариман Төреғалиев, ақын Айтқали Нәріков кеш иесін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде Еділбай

Меңдешов ұзақ жылғы арманына қанат бітіріп, шығармашылық кешін облыстық деңгейде ұйымдастырғандарға алғысын білдірді. Көрермендер таза, табиғи дауыс пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ақсақалдың өнеріне риза болып тарқасты.


 Ақмоншақ ЖҰМАЕВА

Суреттерді түсірген

Медет ДОСУМОВ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале