30.08.2016, 9:34
Оқылды: 20

«Ата Заңның құрметіне сап түзейміз!»

IMG_9259Еліміздің басты құжатының құрметіне орай Батыс Қазақстан облысының сақшылары 29 тамыз күні салтанатты шеру жасады.   


Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

Осыдан жиырма бір жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 21 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.

Егеменді еліміздің Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Осынау еліміздің басты құжатының құрметіне Батыс Қазақстан сақшылары ағымдағы жылдың 29 тамызы күні БҚО ІІД қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және арнайы дайындық базасында сап түзеп, шеру жасады.

Аталған шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Шараның тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ.Қасымовтың құттықтау жеделхаты мен марапаттау туралы бұйрығы оқылып, қылмысқа қарсы күресу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үлес қосып, ерекше көзге түскен қызметкерлерге Ішкі істер министрі атынан БҚО ІІД бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы төсбелгілер, грамоталар мен алғысхаттар табыс етті. Атап айтар болсақ:  БҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес басқрамасының аға же,дел уәкілі полиция майоры Тугелов Бағдатқа ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төс белгісі тарту етілсе, полиция аға сержанты Нұржан Гумиров грамотамен, полиция капитаны Миржан Боранбаев алғыс хатпен марапатталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атынан полиция капитаны Джумахаев Қуанышқа алғыс  жарияланды.

Сонымен қатар, Рио-де–Жанейрода өткен ХХХІ жазғы олимпиадалық ойындарда қола медаль жеңіп алғаны үшін полиция лейтенанты Ларионова Екатерина Алексеевна «Қазақстан полициясына – 20 жыл» және «Динамо» дене шынықтыру спорттық қоғамына – 90 жыл» медальдарымен марапатталды.  Еске сала кетсек, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында  бірнеше мемлекеттердің  ең мықты деген балуандарымен бозкілемде сынға түскен Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті арнайы жасағының жауынгері полиция кіші лейтенанты Екатерина Ларионова өзінің спорттағы кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, 63 келіге дейінгі салмақ дәрежесімен қола медальды иеленген болатын. Қызының марапатына риза болған Катяның әкесі  әрі жаттықтырушысы Ларионов Алексей мырза департамент басшылығына және жеке құрамға алғысын жаудырды, сондай-ақ сөз арасында көп жылдан Катяның жаттықтырушысы болып келген, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы Ерикешев Әсетті тілге тиек етіп, ризашылығын білдірді.

Ішкі істер министрінің және Ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен барлығы 626-ға  жуық полиция қызметкері марапатталды.

Сапта тұрған 33 жас тәртіп сақшысы әріптестерінің және ардагерлердің алдында халқына және мемлекетке адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті.

Салтанатты түрде ант берген жас сақшыларды және елімізге жеңісімен оралған спортшы қызымыз Екатерина Ларионованы БҚО ІІД аргдагерлер кеңесінің төрағасы Адаев Жайлыбай Келдібайұлы  құттықтап, қызметтік жолдарына сәттілік тіледі.

Осынау шара Орал полициясы гарнизонының салтанатты шеруімен аяқталды.   Шеруден кейін қызметкерлердің әрқайсысы қоғамдық тәртіпті қорғау және жерлестеріміздің тыныштығын сақтау үшін бірден қызмет орындарына кетті.

 

Батыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметі

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале