27.08.2016, 11:02
Оқылды: 56

Ата Заң - еліміздің басты заңы

Ata zan   Оралдағы Салтанат сарайында облысы  әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалық етуімен 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай «Конституция - мемлекеттің негізгі заңы: өткені, бүгіні мен болашағы!» атты конференция өтті.  Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің және облыстық маслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының, зиялы қауым,  үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени орталықтардың және БАҚ өкілдері қатысты.


  Тарих беттерін парақтасақ, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Ата Заңның қабылдануы егемен Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Басқосуда жиналған қауымды мерекемен құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов Ата Заңның Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат екендігін айта келе, еліміздегі нарықтық экономиканың үлкен серпін алуы, демократиялық қоғамдық-саяси жүйенің дамуы, адам және азаматтардың еркіндігі осы негізгі заңнан бастау алатындығына тоқталды.

   -Ендігі мақсат – Қазақстан халқының ауызбірлігін сақтап, мемлекеттілікті арттырып, дамыған 30 ел қатарынан көріну. Бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еліміздің алдағы уақыттағы стратегиялық жолы айқындалды. Қазіргі таңда әлемдік сын-тегеуріндерге қарамастан елімізбен бірге өңіріміз әл-ауқаты арттып келеді. Жаңа ғасырда Қазақстан халқы, тек заң ғана үстемдікте болатын мемлекет пен азаматтық қоғам құру үстінде. Осы жолда еліміздің Конституциясының алар орны ерекше болмақ,- деген Алтай Сейдірұлы Ата Заңымыздың негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, Елбасы тапсырмаларын іске асыруда ауқымды жұмыстар тындырылғанын атап көрсетті.

   Ата Заңның қабылдануымен елімізде құқықтық мемлекеттік негіз қаланып, заңдылық пен тәртіп нығайды,  азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету бағытында нақты шаруалар атқарылды. Осындай жұмыстардың арқасында  елімізді дүние жүзі қауымдастығы этносаралық, дінаралық және қоғамдық келісім орныққан, тұрақты дамып келе жатқан келешегі кемел мемлекет ретінде таниды. Бұл туралы конференцияда сөз алған шешендер - ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдағы депутаты Виктор Киянский, облыстық әділет департаментінің басшысы Алмат Наркұлов, қоғам қайраткері, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың  құрметті ректоры, ғылым жөніндегі ректор кеңесшісі Қазыбай Бозымов,  «Болашақ» корпоративтік қорының директоры, облыстық маслихаттың депутаты Салтанат Тұманбаева жан-жақты тоқталды.

   Жиынға қатысқан ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істері жөніндегі сот алқасының  төрағасы Еліс Әбдіқадыров жиналғандарды қастерлі мерекемен құттықтады. – Бүгін Оралдың жаңа шағын ауданында азаматтық істер жөніндегі соттың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа технологиялы жабдықтармен жабдықталған сот ғимараты жұмыс істеуге қолайлы, - деген Еліс Әбдіқадыров Жоғарғы Сот төрағасының атынан облыс әкіміне алғыс айтты. Сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Бек Әметов өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктің бір тармағы сотқа,  сот жүйесіне деген ерекше қамқорлығын айта келіп, жергілікті бюджет қаржысына салынған әдемі сот ғимаратының сот жүйесі мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейтініне тоқталды.

   Жиында 19 жыл бойы Жаңақала ауданын басқарған, бүгінде  облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Төлеген Мерғалиев егеліміздің егемендік алған жылдарындағы қиыншылықтарды, «жабайы демократиялық» жағдайларды, Ата Заңымыз қабылданғаннан кейінгі елімізде заңды сыйлау, заңға бағыну мәдениетінің қалыптаса бастаған кездерін еске алды.  – Бүгінде егемендіктің 25 жылы ішінде еліміз адам танымастай өзгерді, әлемде  Қазақстанды білмейтін ел жоқ. Осының барлығы Елбасымыздың дана саясатының, Ата Заңымыздың жемісі екендігін айтуымыз керек. Биыл егемендік алғанымызға 25 жыл толады. Бұрын қандай едік, қазір қандаймыз? Осының барлығына шүкіршілік етуіміз керек. Қанағат керек. Үлкеніміз-кішіміз, атүстінде жүрген азаматтарымыз бар, қолымыздан келгенінше Елбасыға көмекші болуымыз керек, - деді Төлген Тастайұлы.

    Сондай-ақ конференцияда облыстық мәслихаттың хатшысы М. Құлшар, ғалым М. Сыздықов, «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров жиналғандарды мерекемен құттықтады.

   -Конститууцияда айтылатын ең басты құндылық - адамның өмірі, құқықтары мен бостандығы. Өте орынды айтылған сөз. Әдетте біз бұған мән бермейміз, 100 жыл бұрынғы тарихқа оралайықшы. 1916, 1917, 1930 жылдарды алайық. Алты миллион қазақтың екі миллионы репрессияға ұшырады, аштықтан қырылды. Қай заң адамның өмірін, құқығын қорғады? Енді жүз жылдан кейінгі қазіргі заманды қараңыз, Ата Заң бір адамның өмірін заңсыз қиюға мүмкіншілік берді ме? Жоқ, міне, жүз жыл арасындағы айырмашылық!- деген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Елбасының бастауымен, егеменді елдің мықты заңының арқасында ғана мықты елге айналғанымызды баса айтты.

   Сот жүйесінің, прокуратура, құқық қорғау саласының бір топ мамандары Конституция күніне орай облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапатталды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале