30.06.2016, 9:13
Оқылды: 18

Атырау жəне Маңғыстау облыстарымен əріптестік қарым-қатынастар жүзеге асырылмақ

Screenshot_2016-06-30-09-15-32-1Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының əкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында баяндады.


- Атырау және Маңғыстау өңірлерінде болған басқосуларда өңір экономикасын қарқынды дамытуды көздеген меморандумдарға қол қойылды. Оған біздің облыстың машина жасау мекемелері, өндіріс саласы мен ірі зауыттардың басшылары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпорын басшыларымен кәсіпкерлер қатысты. Біздің өңірмен екі облыстарда жақсы қарым-қатынас орнаған. Қай саланы алып қарасақ та, осындай келісіп атқарған істердің нәтижесі де зор болады деп сенемін. Ауыл шаруашылығы туралы айтсам, бұл салада да мүмкіндіктер өте көп. Біз облыстан тері өңдеу цехын ашу мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Ал Атырауда жүнді алғашқы өңдеп, жүн өнімдерін дайындайтын, мүмкіндігі зор цех жұмыс жасай бастапты. Болашақта екі өңір осы цехтарды шикі затпен қамтитын болады. Біздер оларға жүн әкелсек, керісінше олар мал терілерін біздің аймақтан өңдетеді. Сонымен қатар облысымызда жаңадан ашылып жатқан «Батыс Марқа Ламб» ет және ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар бар. Болашақта солардың тауарларын тиімді өткізу мақсатында қос өңірдегі әріптестермен жақсы қарым-қатынас жасауға қол алысып, келістік. Осындағы бұқара халыққа және мұнай компаниясына сапалы ет өнімін жеткізуге уағдаластық.

Сондай-ақ бұл екі өңірде мұнай саласымен айналысатын ірі мекемелер бар. Соларға қажетті өнімдерді өңдеу немесе қайта жасақтауға қажетті құрал-жабдықтарды біздің өңірдегі ірі машина жасау зауыттарынан жасауға болатындығы айтылды.

Атырау облысында өткен басқосуда сол өңірге қарасты Құрманғазы ауылына судан қатынайтын екі жеңіл кеме керектігін айтты. Ол кемелерді жасау - біздің «Гидроприбор» мекемесі үшін тамаша мүмкіндік. Сонымен қатар мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдықтарды «Зенит» зауыты дайындайтын болды. Осындай әріптестік кездесулердің арқасында бұрынғы ынтымақтастығымыз одан әрі жақсаратынына сенімдімін, - деді Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.

www.zhaikpress.kz

Нұрбек Оразаев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале