4.04.2016, 18:11
Оқылды: 24

Ат спортынан алдыңғы қатарда

 Shingirlau at sportinan    Облыс орталығында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар шеңберінде ұлттық спорт түрлерінен ашық қала біріншілігі өтті. Бүгінде өзінің ат спорты саласын қолға алып, дамыта бастаған біздің ауданның спорт клубы командасы да осы сайысқа атсалысып келді. 29-30 наурыз аралығында өткен ауқымды шараның мақсаты да ел Тәуелсіздігінің маңызын насихаттай отырып, салауатты өмір салтын үндеу, ұлт спортын дамыта түсу болатын.


     Өз аясына Елбасы Жолдауында көзделген міндеттерді және қатысушылардың шеберлігін жетілдіре түсуді қамтыған жарыс аударыспақ, теңге алу, көкпар, қыз қуу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен асық, бес асық ойындарынан сайысуды кірістірген.

     Аталған сайысқа қатысып келген Шыңғырлау аудандық спорт клубының (басшысы А.Кабулов) ат спорты командасы жалпы командалық есепте ІІІ орынды жеңіп алып келді. Жұмысын бастағанына көп бола қоймаған жаңа саланың бұл жеңісі алдағы күндерден көп үміттер күттіреді. Тарихи тұрғыдан желісті, шабысты, сәйгүлік жылқылардың отаны атанған Шыңғырлау жеріне бұл жетістік лайықты екенін көңіл құптайды.

     Сонымен, аударыспақ сайысында 60 келі салмақта Мирас Темірбулатов ІІІ орын, Бекзат Калиев ІІ орынды, ал, 90 келі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтанг Хасенов І орынды жеңіп алды. Теңге алу сайысы да тартысты өтіп, жерлесіміз Мирас Асылгерей ІІ орынды жеңіп алып, өз мықтылығын дәлелдеді. Спорт клубының әдіскері, ат спортының жаттықтырушысы Мирас Темирбулатов қатысушылардың күнделікті жаттығуларда шыңдалып, нәтижелер көрсете бастағанын атап өтіп, алдағы уақытта ат спорты түрлерінің толыға түсетінін және осы бағыттағы аудандық шаралардың көптеп қолға алынатынын жеткізді.

     Ауданымыздағы ат спортының тынысы туралы аз-кем тоқтала кетсек, аталмыш Шыңғырлау спорт клубының ат спорты бағыты  2014 жылы ашылған болатын. Жергілікті кәсіпкер Н.Ақпановтың жеке жылқыларын пайдалана отырып, ауданның ат спорты түрі тұрақты дамып келеді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің  бұл мекемесінің алдағы уақытта алар биігі мол деп күтілуде.

 www.zhaikpress.kz

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале