6.04.2016, 20:23
Оқылды: 30

Аудан редакторларымен on-line режимде кеңес өтті

foto ttt02    Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингі басшылығы өз құрамындағы 12 аудандық газеттің редакторларымен селекторлық режимде кеңесі өткізді.

     Облыстық әкімдіктің кіші залында өткен жиын жылдың алғашқы тоқсанын қорытындылауға арналды. Медиахолдинг басшысы Жантас Сафуллин алдымен түрлі деңгейдегі мәслихат депуттатығына сайланған әріптестерді құттықтады. Жиын барысында облыстық, аудандық газеттер мен сайттардың шығармашылық жұмысы, мемлекеттік тапсырыстың орындалуы, жарнама орналастыру, тендерге қатысу тәртібі, мемлекеттік сатып алу және қаржылық мәселелері талқыланды.


     Шығармашылық бойынша аудандық газеттерде жарияланған мақалаларға шолу жасаған «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ оқылымды мақалалар санын арттыру, газеттің дизайнын жақсарту жөнінде жұмыстану қажеттігін айта келіп, жақсы жағынан көрініп жүрген Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Бөкейордасы аудандарын атап өтті.

     Кемшіліктерді тілге тиек еткенде, Тасқала аудандық «Екпін» газетінде қате көп жіберілетініне, Бөрлі аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінде мемлекеттік тілдегі ресми материалдарға басымдық беру, маңызы төмен мақалалардың көлемін азайту қажеттігіне, «Серпін» (Шыңғырлау) газеті тек ақпараттық мазмұндағы материалдармен шектелетіндігіне тоқталды.

     Ақпарат орталығының  жетекшісі Нұрлыбек Рахманов аудандық газеттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларының жай-күйіне тоқталды. Әлеуметтік желіге мақалаларды сілтемесіз орналастыру сайттың оқылымдылығын азайтатындығын айта келіп, бұл бағытта «Жайық таңы» (Ақжайық) газетін өзгелерге үлгі етсе, «Серпін» (Шыңғырлау), «Бөрлі жаршысы» (Бөрлі) газеттерінің парақшасында мақалалардың аз жүктелетіндігін жеткізді. Өзекті мәселелерді әлеуметтік желі бетінде көтеру жағынан Қазталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің белсенділік танытып отырғандығын айтты.

     Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында ақпарат орталығының zhaikpress.kz cайтына ақпараттарының жариялануы бойынша Зеленов, Ақжайық, Жаңақала, Қазталов аудандары алдыңғы лектен көрінсе, Тасқала, Шыңғырлау, Сырым аудандары кестенің соңғы жағынан орын алған. Сонымен қатар Н.Рахманов сайтқа жолданатын ақпараттарды уақытымен, талапқа сай ықшамдап беруді және суреттердің сапалы болуын редакторлардың басты назарда ұстауын еске салды.

     Жазылым мәселесі назардан тыс қалмады. Кезекті баспасөзге жазылу кезеңі қарсаңында «Қазпошта» АҚ өз үлесін аудандық газеттерге 120 теңгеге, облыстық газеттерге 600 теңгеге дейін көтеретіндігі туралы мәлімдеген болатын. Алайда бұл мәселе жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

     «Барлық аудандық газеттердің сайттарды жаңартылды. Аудандық газет редакторларына ақпарат орталығы мен аудандық газет сайттарын сапалы ақпаратпен уақытылы қамтуды, әлеуметтік желілердегі парақшаларын жүйелі, сауатты жүргізуді тапсырамын. Жуырда «Жайық Пресс» тілшілердің білімін жетілдіру курстарын өткізуді бастайды» деді қаламгерлердің басын қосқан жиынды қорытындылаған медиахолдинг басшысы.


www.zhaikpress.kz

Айгүл Ахметова

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале