13.11.2015, 10:07
Оқылды: 24

Аудан әкімінің ашық есік күндері жалғасуда

Janakala ashik esik kynderi jalgasuda  Осы аптада Жаңақала ауданы әкімі Л.Хайрединовтің ашық есік күндері С.Меңдешев ауылдық округінде өтті. Округте күні бүгін 3614 бас мүйізді ірі қара, 8546 бас қой мен ешкі, 573 бас жылқы, 10 түйе малы бар. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда сиыр 700 басқа, қой 2800 басқа, жылқы 136 басқа көбейген.

- Әлі сатылатын, соғымға сойылатынды есептегенде бірінші қаңтарға 3300 бас сиыр, 7800 бас қой мен ешкі, 460 бас жылқы, 10 түйе малы қалуы тиіс. Оған жетерлік мал азығын дайындап алдық,-дейді өз ісіне мұқият ауыл әкімі.

Округтің мемлекеттік бағдарламаларға қатысы да жаман емес. Үстіміздегі жылы асыл тұқымды мал өсіретін бір шаруашылық құрылған. Бүгінге дейін округ тұрғындары 37800 мың теңге несие алуға қол жеткізген. Тағы екі шаруашылық несие алуға жұмыстануда екен. Биыл бес ауыл шаруашылық техникасы алыныпты.

Округ бойынша 3485 бас сиыр, 7234 бас қой мен ешкі, 10 түйе қаны арқылы бруцеллезге зерттеліп, одан 46 бас сиыр, 23 жандық оң нәтиже берді. Ауру малын жоймаған екі адамға айыппұл салынды. Ауру мал тұрған 19 қораның 16-сы бұқырланды. Таңбалануға тиіс 140 жылқы әлі таңбаланбай отыр екен. Ал аудандық  жұмыспен қамту бөлімінің басшысы А.Оразғалиевтің хабарламасынан осы округтегі төрт адам ғана жұмыс іздеушілер қатарында болғанын білдік. Жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша биыл округте шағын несие алушы болмапты.

2012 жылы несие алған серіктестіктің үшеуі 3842  мың теңге қарыз екен. Хабарламашы енді несие қарызы қайтарылмаған жағдайда мәжбүрлеп өндіруге ілігетіндіктерін қаперге берді.

Округтегі әлеуметтік нысандардың қысқа әзірлігін мәлім еткен аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  басшысы Н.Беисовтің қысқа хабарламасынан кейін аудан басшысы жиынды қорытындылап, мал қыстату науқанын ұйымшылдықпен өткізуді тапсырды.

   www.zhaikpress.kz

Н.ЕСЕТОВА

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале