26.08.2015, 18:10
Оқылды: 22

Аутошерушілер Хан ордасы ауылында

Autosheru 03   Кеше Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкей Ордасы ауданында ұйымдастырылған республикалық шараға бет алған аутошерушілер ауылға кірісімен Хан ордасы тарихымен танысуды алдымен Жәңгір хан, Мұхамед-Салық Бабажанұлы, Даулеткерей Шығайұлы кесенелерін аралаудан бастады. Содан соң Хан сарайының алдында жиналған ауыл тұрғындары аутошерушілерді салтанатты түрде қарсы алды.
Жиын барысында сөз алған аутошеруді ұйымдастырушы, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин баспасөз тарихын зерттеу барысында Орынбор мұражайынан табылған 1811 жылғы барлық кіші жүздің жүздеген старшын, жүзбасылары қол қойған құнды құжаттың көшірмесін мұражайға табыс етті. Жиын аутошерушілердің Хан сарайы мұражайын аралаумен жалғасты.
Одан әрі аутошеру тізбегі ұрандатып, көк туымызды желбіретіп Хан ордасы ауылы ішін аралады. Алғаш қазақ баспасөзінің қарлығашы «Ұран» газеті 1918 жылдары осы Хан ордасы ауылында шығарылған. Баспаханасы болған үй әліде сақтаулы екен. Аутошерушілер үй жанына аялдап, шағын жиын өткізіп, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин мен «Дана.кз» тарихи танымдылық газетінің редакторы Қазбек Қабжанов «Ұран» газеті және баспахана тарихымен қысқаша таныстырып, үйге бас сұғып, үй иесімен танысты.
Содан кейін Хан тоғайын аралаған аутошерушілер өлкетанушы Жайсаң Ақбай ақсақалдың табиғат аясындағы тарихи әңгімелерін тыңдап, көк тіреген қарағайларды қалай өсіргедігі жөнінде естелігімен танысты.

www.zhakpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале