16.10.2015, 9:10
Оқылды: 22

Ауылдарда мүлдем төзбеушілік қағидасы іске аса бастады

ЗеленовЗеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыповтың аудан тұрғындарымен кездесуі өтуде. Халықпен өткен кездесулерде тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді ортаға салып, емен-жарқын пікір алмасуда.

Қаланы іргелей орналасқан Трекин округінде халық саны қарқынды өсіп отыр. Биылдың өзінде ауылдан 87 тұрғын үй бой көтеріп, олар толықтай инфрақұрылыммен қамтылған. Халық саны шамадан тыс өсіп отырған ауылдың ұзақ жылғы мәселесі электр қуатының тапшылығы еді. Трекиндік ағайынның сығырайған жарыққа үңіліп отырғандығы туралы үзбей айтылып та, жазылып та жүрген болатын. Кешегі жиында трекиндіктер ұзақ жыл түйінді мәселе болып келген электр қуаты тапшылығының шешімін табатындығын естіп шын қуанысып қалды. Қараша айының соңына дейін мұнда 8 млн-ға жуық қаражатқа трасформатор орнатылмақ. Электр қуаты тапшылығын жою  жұмыстары осылайша жыл сайын іске асырылмақ.

Жиында трекиндіктер тұрғын санының артуына байланысты балабақша салу қажеттігін, Жайық елді мекенінде мал жайылымының тарлығын, ауылішілік жолды жөндеп, көлік жылдамдығын тежейтін жол белгілерін орнату, бағымсыз босып жүретін мал иелеріне шара қолдануды мәселе етіп көтерді.

– Балабақша салу мәселесі алдағы жоспарымыздың күн тәртібінде тұр, - деген аудан әкімі өзге сұрақтарды шешу үшін сала басшыларына шұғыл тапсырма берді.

Дәл қазіргі жағдайда босып жүрген малды қамап тастауға немесе иесіне айыппұл салуға заңды құзіреттері жоқ екенін айтқан құқық қорғау органы өкілдері тұрғындарды малын бағымға қоспай, ауылдың тазалығына нұқсан келтіріп отырғандармен бірлесе күресуге шақырды.

Достық ауылында өткен кездесуде ауыл тазалығы ең өзекті мәселе ретінде талқыланды. Жауапсыз тұрғындардың салақтығынан әр бұрылыстан қордаланып шыға келетін көң-қоқыспен күресуге округ әкімшілігі қауқарсыз. Жуырда жабдықталған балалар ойын алаңын түнгі уақытта «кездесу» орнына айналдырып алатын бұзақылар ойларына келгенін жасап бүлдіріп кетуде. Алаңды үнемі бағып отыру учаскелік инспектордың қолынан тағы келмейді. Қоғамдық қиянатқа бейқам қарай алмаған Достық ауылының тұрғындары мүлдем төзбеушілік қағидатына сүйене отырып, бұзақылар мен көлік нөмірлері туралы ақпаратты өздері жинап, хабарлайтын болған. «Нәтиже жоқ емес, ұсталған айыптылар жазасыз қалмайды», - дейді ауыл тұрғындары.

Әкім мен халықтың еркін сипаттағы кездесулері Дариян, Сұлукөл, Чиров, Чеботарев, Раздольный ауылдарында жалғасуда.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале