14.06.2015, 17:15
Оқылды: 23

Ауылдар ажарлануда

Zelenov auildar ajarlandiriluda  Мерейлі мерекелер тоғысқан жылда ауыл-аймақты абаттандыру жұмыстары Зеленов ауданында ерте көктемнен басталды. Аудан орталығы Переметныйда, тірек ауыл Дариянда «Жеңіс» саябақтары жөнделіп, гүлзарлар жаңартылды. Кеңес Одағының Батыры атанған жерлестерге мүсін орнатылып, «Мәңгілік алау» маздады. Өзге ауылдық округтарда да мемлекеттік «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бөлінген қаражат жарықтандыру, жол тегістеу, қатты қалдық пен көң-қоқыс орнын рәсімдеу, балалар ойын алаңқайларын салу сынды абаттандыру жұмыстарына бағытталуда.

Жыл сайынғы абаттардыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі нәтижесінде аудан орталығы жаңа кейіпке еніп келеді. Алдымен «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы арқылы тозығы жеткен үйлер жөнделсе, кейін жол бойы көшеттер егіліп, гүлзарлар қоршауы жаңартылды. Енді міне, ауылішілік жолдар тегістеліп, кіреберіс жолға зәулім қақпа орнатылды. Оның үстіне «Жеңіс» саябағының жаңартылып, аудандық мәдениет үйінің күрделі жөнделуі, көше бойы аялдама бекеттерінің орнатылып, қылқан жапырақты көшеттер отырғызылуы ауыл ажарын аша түскендей.

Жергілікті ағайынның көптен бері ойға алып жүрген жаңадан мұсылман мешітінің бой түзеуі, православ шіркеуінің салынуы халыққа иман нұрын сеуіп, берекелі іске жұмылдырады деген сенімдеміз.

Сондай-ақ «Ең таза көше», «Таза жағалау» акцияларының ұйымдастырылуы тұрғындарды алтын бесік ауылымыздың тазалығына бей-жай қарамауға үндейді.

www.zhaikpress.kz

Нұржан Дүзбатыр

Зеленов ауданы   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале