19.11.2015, 12:39
Оқылды: 36

Ауылды әнмен тербеді

JAnakala Askar 01   Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында республикалық О.Қабиғожин атындағы домбырашылар байқауының, «Атырау – асыл мекенім» атты ән-сазгерлер байқауының  лауреаты домбырашы-ұстаз Асқар  Кенжеғалиевтің «Мерейімді өсірген Қызылобам» атты шығармашылық кеші өтті.


Асқар осы ауылдың төл перзенті. Өмірден ерте өткен әкесі Мұхамбетқали Құмырзақұлы да мәдениет саласының қызметкері, домбырашы болатын. Әкеге еліктеген Асқар да үкілі домбыраны алдына ерте өңгеріп, мектеп табалдырығын аттамай жатып сахнаға шыққан екен. Оның қара домбыраға деген сол құлшынысы бүгінге дейін бір кемімеген. Керісінше өзі өскен сайын шерту шеберлігі де толысып, кәнігі күй орындаушы ғана емес, сазгерлік таланты да ояныпты.

Өнер – үйренумен, оқумен, тынбай іздену, талантымен дамиды. Асқар да әкеден алған тәлімін БҚМУ-да оқып жетілдірді. Сол оқу орнын үздік бітірді. Түрлі өнер ұжымдарында еңбек етіп, алған білімін тәжірибемен толықтырды. Осындай өнер жолындағы тынымсыз еңбек оны бүгінгі биігіне шығарған еді.

Асқар қазір домбырашы-ұстаз, шәкірт тәрбиелеумен айналысады, әрі «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің жетекшісі. Қолы қалт етсе ән жазумен де айналысады. Оның жүрегінен шығып, тыңдаушыларының жылы қабылдауына ие болған «Атырау-Жайық», «Мерейлі Қызылобам», «Іздедім, қалқам», «Анаға хат», «Періште қыз», «Жазғы таң», «Ақ жаңбыр» әндері осы сөзіміздің дәлелі еді.

JAnakala Askar 02

Сондай-ақ бос жүруді қаламайтын еңбекқор Асқар соңғы жылдары зерттеу, жазба жұмыстарын да қолға алған екен. Қ.Хасановпен бірлесе жазған  «Домбырашы-ұстаз Мұхит Айтқалиев» атты кітабы да жақында жарық көріпті.

Міне, 35 жасқа осындай жетістіктерімен жеткен жерлестеріміздің кеші өзі жетекшілік ететін «Орал сазы» фольклорлық ансамблінің Мәменнің «Ақжелеңін» орындауымен басталды. Кеш барысында белгілі әншілер Майра Хайдарова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Гүлмира Өтегенова, Бибіт Қажығалиев, Марат Сарбөпеев Асқар жазған әндерді  тамылжыта шырқады.

Кеш соңында осы шараға арнайы барған Жаңақала ауданының әкімі Л.Хайретдинов күйшіні құттықтап, ауылдастары атынан ат мінгізді.

www.zhaikpress.kz

Өмірзақ Ақбасов

Жаңақала ауылы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале