15.06.2016, 18:10
Оқылды: 20

Ауылшаруашылығын қолға алу қажет

Әкім ауылдарда    «Ақсай қаласына өнеркәсіптік қала ретінде көп көңіл бөлінеді. Ия, дұрыс. Бірақ ауылшаруашылығына да көп көңіл аударып, осы саланы дамыту керек. Өйткені халыққа тамақ керек, экологиялық таза азық-түлік қажет».

   Бұлай деп Бөрлі аудан әкімі Алдияр Халелов Бумакөл, Жарсуат және Приурал ауылдық округтеріндегі әлеуметтік нысандарды аралап жүріп, халықпен кездескенде айтқан еді.


   Өзінің ойы мен алдағы жоспарлдарын ортаға салды. Ал бұл ауылдардың тұрғындары аудан басшысының жұмысына сәттілік тіледі. Ауылшаруашылығына көңіл бөліп, жастарды жұмысқа тарту мәселесін де күн тәртібінен түсірмеу қажеттігін баса айтқан аудан басшысына Бумакөлдегі актив мүшелері бірнеше мәселені де алға тартты. Ең алдымен, бұл ауыл халқын 1962 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан электр желілерінің ескіргені, әсіресе қыс мезгілінде жиі үзіле беретіні мазалап отыр. Сонымен қатар тұрғындар дәрігер мен ветеринар маманның жоқтығын, жүргенінен тұрғаны көп жедел жәрдем машинасының ескілігін атап өтті. Алдияр Сансызбайұлы ауылға қажетті мамандарды тұрақтандыру үшін оқушыларды осы салаға қызықтырып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мамандықтарға баулу жағын қолға алу керектігін айтты. Ауылдағы Мәдениет үйінің жұмысымен танысқан әкім мектеп-балабақша кешенін аралап көрді. Мектептің спорт залына бас сұққан Алдияр Сансызбайұлы дене шынықтыру пәні мұғалімі қай спортқа жақын болса, оның шәкірттері де сол спортқа бейімделіп, шыңдалуы керек екенін айтты. Ауданымыздағы жас туристер станциясында болып, мұндағы бір ізге қойылған жұмыстардың ретімен танысты. Бүгінде аудандағы барлық мектепте осы орталықтың 88 үйірмесі бар, онда 68 мұғалім жұмыс жасайды. Үйірмелерде 1335 бала тәлмді тәрбие алып, дүниетанымын арттырып жүр. Алдағы оқу жылында 2000 баланы қамту жоспарланып отыр. Осыдан соң аудан басшысы Облавка ауылындағы мектеп-балабақша кешенін арнайы барып көрді. Ұстаздармен тілдескен Алдияр Сансызбайұлы мектепті жаппау үшін жұмыстанатындарын нығыздап айтып, олардың мектеп-балабақша жабылып қала ма деген қорқынышын сейілтті. Сондай-ақ аудан басшысы мектеп жабылса, ауылдың тарап кететінін де алға тартты. Ал аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Тржанова ұстаздарға мектеп-балабақшадағы білім сапасын көтеруді тапсырды.

    Жарсуат ауылында да аудан әкімі ауыл активімен кездесті. Басқа аудандарға қарағанда әлеуеті жоғары Бөрлі ауданында ауылшаруашылығын көтеру, бау-бақша егумен айналысу қажет деген аудан басшысының сөзін ардагерлер де қуаттап, бірауыздан қолдап, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар Алдияр Сансызбайұлы ауданда шағын сүт цехы ашылса, бұл сүт өнімдерінің түр-түрін шығаруға, халықты таза өніммен және жұмыспен қамтуға себеп болатынын айтты.

   Приурал селолық окугінде де аудан басшысы ауыл активімен жүздесіп, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П. Лобушкин бастаған зейнеткерлер ізгі тілектерін білдірді. Кейін Алдияр Сансызбайұлы ауылда алғаш рет пилоттық жоба бойынша мейманханалық үлгіде салынып жатқан жатақханада болды. Бұл баспана 2 жас маманға және 2 отбасыға арналған. Үйді тұрғызып жатқан оралдық «Беккалиев» ЖК-гі құрылысты жаңа оқу жылына дейін аяқтамақшы. Ауылдағы Мәдениет үйінің саябағының абаттандырылып жатқанына куә болдық. Мұнда спорт алаңын салу жоспарланған. Приурал дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысқан аудан басшысының назарына медқызметкерлер ғимарат жаңа қоршаумен қоршалса деген тілектерін білдірді.

www.zhaikpress.kz

Ясипа РАБАЕВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале