15.05.2015, 12:05
Оқылды: 28

Ауыл сахнасындағы – «Жеңіске жетелеген үкілі үміт»

Auil sakinasinda jekelegenymit  Ақжайық ауданының Қабыршақты ауылдық округінің орталығындағы Бітік орта мектеп-балабақшасына Құрманғазы атындағы Орал музыка колледжінің режиссерлік бөлімінен машықтан өтуге ІV курс студенті Құралбек Қатшаев келген болатын. Ол мектептің маңдайалды мұғалімі Айша Қайсақовамен кеңесе отырып, Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігінен «Жеңіске жетелеген үкілі үміт» атты пьеса дайындады.

Залда ине шаншар жер болмады. Тұрғындар сахнада айтылған әр сөзді ұйып тыңдады, әр көрініске үңіле зер салды. Кішкентай актерлердің өз рөлдерін беріліп орындағандары сондай, көрермендер көз жастарына ерік берді. Майдан даласында жүріп, туған анасының бауырсағы мен құртын сағынған Алмастың рөлін сомдаған 9 сынып оқушысы Қажымұқан Мұңайтпасовтың анасын көз алдына елестететін сәтінде жүрегі елжіремеген жан жоқ. Ал сарбаз баласының хатын оқып отырған қарт Вали (рөлде 10 сынып оқушысы Вали Сагутдинов) бөркін бетіне басып жылағанда да, жұрт қосыла егілді. Қарындастарының хатын оқып отырып, бірде көзіне жас алып, бірде соларды өсіріп-жеткізуді армандайтын майдангер Мақаш (9 сынып оқушысы Әділбек Төлешов), тағы бір сарбаз Қайрат (9 сынып Әділбек Серікқалиев), ауыл аруы Гүлсезім (9 сынып Гүлсезім Бақытжанқызы), бәрі-бәрі де соғыстың зардабын, тыныштықтың қадірін айқын салмақтап, қалың көрермен қауымға ой салды. Ауылдастар пьесаны шығарғандарға ерекше қошемет көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале