25.04.2016, 17:05
Оқылды: 42

Ауыл шаруашылығының тағдыршешті мәселелері

????????????????????????????????????

     Ақжайық ауданның әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен ауыл шаруашылығына арналған кеңейтілген семинар-кеңес өтті.

     Осында алдымен облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қазбек Ташимов баяндама жасады. Ол саладағы біраз бағыт, қам-қарекеттерді саралады.


    - Өкінішке қарай, Ақжайық ауданы малдың бруцеллез ауруынан әлі арыла алмай отыр. Жылына 2 рет сауықтыру жұмыстары жүреді. Қадағалау пәрменділігі артып отыр. Аталық малдан қан алу ауру ошақтарында жылына 4 рет жүргізіледі. Алайда ұсақ мүйізді ірі қара малынан да дерт тіркелді. Адамға жұғу фактілері бар. Оң нәтиже көрсеткен малды жоюда оралымсыздықтар орын алуда. Дер кезінде жойылмаған кеселді түлік өрісте сау малмен бірге жайылады. Содан келіп бір-біріне жұғады. Мұның өзі уақтылы субсидия алуға да кері әсерін тигізеді.-деді, Қазбек Ташимов.

     Тайпақ ауылдық округінің әкімі Боранбай Қыдырғожин жойылған мал етінің өте арзандығын (ірі қара 700, қой еті 500 теңгеге қойылса да одан да төмен құнмен алу етек алған), сондай-ақ, мал қанын алудағы кешігу сияқты оралымсыздықтарды қаперледі.

     Ақжайық ауданы ветеринария бөлімінің осы семинар үстінде таратқан мәліметінен белгілі болғандай, ауданда дәл қазір 75388 ірі қара, 237455 қой-ешкі болса, содан 2208 бас ірі қара және 3819 бас қой-ешкі бруцеллез болады. Бруцеллез ауруы жөнінде ахуалдың күрделенуі ауданда мал ұстайтын шаруа қожалықтары және ауыл тұрғындарының осы мал ауруынан экономикалық шығынға ұшырауына әкеліп отыр.

     Батыс Қазақстан облысы жер қатынастары басқармасы жер кадастры бөлімінің басшысы Жұматай Ашықпаев 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап тек Қазақстан азаматтары ғана бос жерлерлерді аукцион арқылы сатып алатындығын түсіндірді. Пайдаланылмай отырған жер мемлекет есебіне алынады. Ақжайық ауданы бойынша бос жерлер де аукционға қойылмақ. Жер сату ағылшын немесе голландиялық әдіспен өтеді. Шаруа қожалықтары және басқа тұлғалар жерге қатысты жай-күйлерін пысықтауы қажет-ақ.

     Ақжол ауылдық округінен «Мұқаш» шаруа қожалығының жетекшісі Тельман Мұқашев: «Жерді аукционға қойып сатқанда шаруа қожалықтарының бәрінде бірдей оны алатын ақшасы болмауы мүмкін. Сөйтіп, қалтасы қалың азаматтар жерімізді иеленіп кетсе қайтеміз?»,-деді,

     – Біріншіден, 49 жылға жалға алып отырған жерді кезең-кезеңмен сатып алу көзделген,-деді ол.- Екіншіден, жердің құнарлылығы, бос суға жақындығы, алынған жердің қолайлы тас жолдың бойында болуы, т.б. яғни кадастрлық жайы есептеледі. Үшіншіден, қазір бос жерді алып, ешқандай қозғалыссыз отырған шаруалар бар. Ол жерлер пайдаланылмаса, мемлекетке қайтарылуы керек. Төртіншіден, өз жерің өзіңе байлық, жеке жерің болса оны несие аларда кепілге қоюға толық мүмкіншілік болады. Осы мамыр айында Чапаевқа жақын тас жолдың бойында ірі қара мал соятын ет комбинаты ашылмақ. Қазір соңғы жұмыстары жүруде. Ал СТК-ге жайылымдық жер бөлу әзірге шешілген жоқ.

     Аудан әкімі Әділ Жоламанов қорытынды сөзінде шағын және орта бизнесті дамытуда мақсаткерлікпен жұмыс жасауды қаперледі. Мұндағы басты мақсат қазіргі дағдарыстың салдарынан туып отырған қиыншылықтарды жеңе отырып, бастаған істі одан әрі дамыту болып отыр. Маңдай термен келген өнімнің пайдасын көру шаруаның еңбек құлшынысын арттырар еді. Осыған қол жеткізу қажет-ақ.

    Ауданда «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» және «Агробизнес – 2020» кешенді жобалары бойынша бірқатар істер тиянақты жүзеге асуда. Қаржылай қолдауға сүйеніп мал басын асылдандыру, өнімін молайту жолға қойылып келеді. Ауданымызда 2,05 млн. гектардан астам жайылымдық жер бар, бұл біздегі мал шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ болып саналады, арзан өнім өндірудің ресурстық көзі екені анық. Осыны игілікті толық пайдаланған абзал.

     Қаралған мәселелер бойынша хаттама қабылданды.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале