23.05.2016, 9:22
Оқылды: 21

Ақбөкендер қанша екен?

kyik    Биыл да жылдағыдай сәуірдің 18-25-і  күндері аралығында өңірімізде киік санағы өтті. 59 сағаттық авиасанақ облысымыздың Жәнібек, Тасқала, Жаңақала, Бөкей ордасы, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағында жүргізілді.


   Биылғы санақ  тікұшақпен әуеде жүргізілді. Авиасанақ жұмысына «Қазақстан биоалуан түрлілігін сақтау ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің, “Охотзоопром” мекемесінің және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары қатысты. Өткен жылғы санақ қорытындысы бойынша өңір аумағында 51 мыңнан астам киік тірлік етеді. Ал биылғы санақтың нәтижесі барлық есептеулерді өңдегеннен кейін алдағы тамыз айында белгілі болмақ, – деді аталмыш облыстық  аумақтық инспекцияның бөлім басшысы Талғат Ілиясов.

   Ғалымдар мен мамандар өңіріміздегі дала еркесінің өсімі барын айтады. Алайда экзотикаға айнала жаздаған жануарды жеңіл олжаға айналдырғысы келетіндер де азаймай отыр. Талғат Ілиясовтың айтуынша, тек биылғы бес  айдың өзінде ақбөкендерді атып, браконьерлікпен айналысқан алты  факті тіркелген. Өткен жылы киік атып, ұсталып шартты жазаға кесім алған азамат биыл да сол әдетіне басып, істі болған. Өткеннен сабақ алмаған сабазға сот 1,5 жылды тар қапаста өткізуге үкім еткен. «Сондықтан азаматтарға айтарымыз, атам қазақ киелі санайтын жануарға суық қару кезенуден аулақ болыңыз. Қазір киік атқандарға заң қатайды», – дейді Т. Ілиясов.

    Қазір далада киіктер төлдеп жатыр. Мамандар мамырдың 20-ларында ақбөкендердің «шілдеханасы» аяқталады деседі.

www.zhaikpress.kz

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале