11.02.2016, 18:44
Оқылды: 21

Ақжайықта төтенше ықтимал жағдайларға қамданыс жайы пысықталды

Akjayik totenshe iktimal   Ақжайық ауданында бюджеттен төтенше жағдайлардың алдын алуға 2,5 млн. теңге қаржы бөлу көзделуде. Аудан аумағындағы бөгеттер, Киров, Бітік, Дөңгелек су қоймаларының, Орал-Көшім суландыру жүйесінің бойын, сондай-ақ Тасқала және Зеленов аудандары бағытынан келетін еріген қар суының көлемін қадағалау үшін бірқатар бақылау орнатудың қажеттігіне баса назар аударылып отыр.


Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов өткізген төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы және басқа мәселелер қамтылды. Онда аталған комиссияның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Тимур Шиниязов хабарлама жасады. Хабарламада өткен күзде жауған жауын-шашынның, сондай-ақ салыстырмалы қарағанда осы қыстағы қардың мол түсуі көктемнің сулы болатынынан хабар береді. Соған байланысты отырыста дайындық жайы талқыланды.

2011 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде Алғабас ауылдық округінде қалыптасқан жайлар да қаперленді. Алдағы кезде оның аумағында су тасқыны болған жағдайда топырақ үйінділерінің осал тұстарын бөгеу үшін қажетті топырақ толтырылған қапшықтар санын 1000 данаға жеткізу көзделуде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, тасқын судан қауіпті елдімекендер тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшірген жағдайда белгіленген Бударин мен Жаңабұлақ ауылдық округтеріне қарасты ғимараттардың әзірлігін тексеру, көшірілген тұрғындардың күнделікті қажеттерімен қамтылуын ұйымдастыру, т.б. сақтық шаралары тиянақталды. Қауіпті жағдай туғанда қатыстырылатын техника саны нақтыланды. Сұйық отын қорын молайту жайы баяндалды. Су тасқынына қарсы аудандық штаб құрамы таныстырылды.

Комиссия отырысына ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме жетекшілері қатысты.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале