3.03.2016, 10:46
Оқылды: 54

Ақжайықта әжелер ансамбльдерінің байқауы өтті

????????????????????????????????????

   Ақжайық ауданында дүйім жұртты елең еткізген айтулы бір жаңалық – әжелер ансамбльдерінің байқауы өтті. 8 Наурыз қарсаңындағы бұл аудандық үлкен шараға 15 өнер ұжымы қатысты. Көктемгі жол қиындығына қарамастан, басқа шаруаны жиып қойып, өнердің парқын ұғынудың өнегесін танытып, Чапаев сахнасына шыққан асыл әжелерге өзінің құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова риясыз көңілден ризашылығын арнады.


«Сіздердің ата-баба мұрасын қасиеттеп, қастерлеп, мәдениетіміздің мәйегін әлпештеп, құдіретті тіліміздің байлығын жалпақ жұртқа әйгілеуге деген ұмтылыстарыңыз баршамыз үшін, жас ұрпақ үшін үлкен үлгі болып табылады»,-деді ол.

Байқауға қатысушы ұжымдардың әрқайсысына бір халық әнін және бертіндегі жұртымыз рухани әлемнің биігіндегі ақын-сазгерлердің бір әнін орындау шарты қойылған еді. Сахна шымылдығын будариндік «Жайдарман» әжелер ансамблі ашты. «Жайдарманның» атағы өңірімізге мәлім, оның былтыр халықтық атағын алуы аудан абыройына сүбелі үлестің бірі болып қосылды. Міне, байқаудың бір мақсаты – осындай үздіктердің еңбегін, ізденістерін, тәжірибелерін жер-жерге тарату. Өйткені жаулықтары аппақ ардай жандар қазақ өнерінің ерекше қайталанбас үлгісін насихаттауда ауқымды іс тындырып, ұл-қыз тәрбиесіне салмақты қолтаңба қосатыны сөзсіз-ақ.

Қалың көрермен «су жаңа» ұлттық киімдері киелі сахнаны әбден ажарландырған әжелердің өнеріне қошеметпен қол соқты. Мерекелі наурыздың ән-саз көші дархан дала төсінде сәнімен жылжығандай, сұлу көріністер кім-кімді де баурап алды. Бұл ғасырлар тереңінен бері халқымызға серік болып келе жатқан өнердің құдіреті еді. Ақжол, Алғабас, Мерген, Жаңабұлақ, Алмалы, Ақсуат, Қабыршақты, Жайық және басқа да ауылдардың ансамбльдерінің ұмтылысына, ниетіне алғыс айтылды. Байқау қорытындысымен тайпақтық «Ақтілек» әжелер ансамбліне І орын берілді. Құрамында Бақытжан Жұбанышқалиева, Тәнзила Қуанғалиева, Қымбат Зияшқызы, Сара Қуаншалиева, т.б. әжелер бар, 2004 жылы құрылған бұл ұжымды Мәрзия Мұқанова бастап жүр. Рухани тынысымыздың осылай ортасынан табылып жүрген базаршоландық «Шалқыма» ұжымына ІІ орын, чапаевтық «Асыл әжелер» әжелер ансамбіліне ІІІ орын берілді.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале