16.02.2016, 17:02
Оқылды: 46

Ақжайықтық Сәндібековтердің отбасылық ансамбліне Халықтық атағы берілді

????????????????????????????????????

 Ақжайық ауданы орталығында 2014 жылғы «Мерейлі отбасы» Республикалық Ұлттық байқауының жеңімпазы, будариндік Сәндібековтер отбасылық ансамблінің «Шаңырақ шашуы» атты шығармашылық кеші өтті.

Өнер жолы әріден таныс жанұя отағасы,  Бударин Мәдениет үйінің директоры Нұрболат Сәндібековтің  бастауымен 2009 жылы отбасылық ансамбль құрды. Сол жылы  облыстық «Алтын ұя» отбасылық байқауында І орынды иеленсе, 2013 жылы облыстық «Өнер шамшырағы» байқауында ІІ орынға қол жеткізді.


Аталған кеште сахна шымылдығын ХХ  ғасырдың дүлдүл ақыны Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнімен ашқан олар әрі қарай «Қазағым», «Қараторғай», «Қазақтың қыздары», «Мир не прост», «Атамекен» сияқты бұрыннан таныс патриоттық әндермен көрермендерді баурады. Сахна мәдениетіне ерекше мән беретін өнерлі жанұя қоңыраулы кештің өн бойында қазақтың кең тараған әуезді әндерін ерекше бір шабытпен үкілей орындады.  «Ұлың ұлықты, қызың қылықты» деп осындайда айтса керек. Отағасы Нұрболат, отанасы Гүли ұл-қыздарының өнегелі азамат болып өсуіне  ерек ұмтылыс танытып келе жатқаны бұл жолы да әбден танылды. Ұл-қыздарының бәрі Бударин орта мектебінің үлгілі оқушылары.

Концертте будариндік «Жайдарман» әжелер ансамблі «Ақжайнақ», «Ойжайлау» сияқты халық әндерін орындаса, республикаға танылған Үлгілі «Сымбат» бишілер тобы да мұң бұралған билерімен сахна шырайын тіпті еселеді. Балауса оқушылардың «Әдемі» тобы мен «Әсем-ай» триосы да тал бойларына жарасқан қимыл, сүйкімді балапан мінездерімен жұртшылықты керемет әсерге бөледі.

Ақын Сағынтай Бисенғалиев өнерлі будариндіктерге жырдан шашу шашты.

Кеш соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының жетекші маманы Батырхан Қайров ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы бұйрығымен Сәндібековтер отбасылық ансамбліне Халықтық атағы берілгенін жариялап, құттықтау сөз сөйледі. Сөйтіп, бұл өнерімен өрге жүзген отбасының мерейі асып, үлкен ауданымыздағы осындай атты иеленген өнер ұжымдарының қатарын толықтыра түсті.

Шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов болды.

www.zhaikpress.kz

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале