17.11.2016, 16:14
Оқылды: 46

Ақжайықтың Ақмаржаны

Ж.Досмұхаммедов атындағы педагогикалық колледжде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, ұстаз Ақмаржан Таубаеваны еске алу кеші өтті. Он төрт жыл «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған Ақмаржан Бақытқызы көзі тірі болса, бүгін зейнеткерлік жасын атап өтер ме еді? Шараға ұстаздың әріптестері, ақын-жазушылар, колледждің ұжымы мен отбасы мүшелері қатысты.

Студенттер ақынның өлеңдерін оқып, сөзіне жазылған әндерді шырқады. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева өз естелігін ортаға салды. Көрермендер алдында айтыскер ақындар Талғат Мықи мен Орынбек Меңдіқұлов сөз қағыстырып, ұстаз жайында ұтымды сөз, жарасымды ой өрбітіп, көңілді бір серпілтіп тастады. Кейін білім ордасында Ақмаржан Таубаева атындағы арнайы дәрісхана ашылатыны хабарланып, ақын Ақұштап Бақтыгереева мен колледж директоры Шалқыма Құрманалина қиған лента кесінділерін  Ақмаржан Таубаеваның ұл-қызына тарту  етті.005

– Ақынның артында мол мұра қалды. Оның өлеңдеріне әндер жазылды. Публицистикалық еңбектері де жетерлік. Бірнеше кітап авторының әлі жарыққа шықпаған туындыларының басын құрап, рухани мұрасын жинақтауды қолға алмақпыз. Сонда Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхананың көрнекі құралдарын молайтып, мазмұнын арттыра түсеріміз анық. Бұл кабинеттің белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерева атындағы дәрісханамен қатар орналасқаны да заңдылық секілді. Расында, Ақмаржан Бақытқызы Ақұштап апасын ерекше сыйлап өтті. Жаңа дәрісхана колледж студенттеріне ғана арналмаған, алдағы уақытта өнер адамдары бас қосатын шығармашылық ортаға айналады деп сенемін. Ақмаржан Таубаеваның педагогикалық колледждің түлегі болғанын, кейін білім  ордасында еңбек еткені көпшілікке мәлім, – деді Шалқыма Құрманалина. 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале