27.10.2015, 12:30
Оқылды: 55

Ақжайыққа жауған «Ақжауын»

АкжауынҚазақ хандығының 550 жылдығы аясында қазақ драма театрында «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің шығармашылық кеші өтті. Концерт Жантөренің «Шалқыма» күйімен ашылды.

– Қазақ өнерінің сырлысы да, толғаулысы да - күй өнері. Оркестр Елбасының қамқорлығымен 1994 жылы Алматыда құрылды. Кейін Астанаға көштік. Өнер ұжымы еліміздің барлық облыстарында түгелге дерлік болды. Орал қаласына тұңғыш рет келіп тұрмыз. Қазақ ақ жауын жауса, жақсы ырымға балайды. Қоғамдағы барлық қарама-қайшылықты жуып-шайып кетсін деп, осы атауды лайық көріп едік, – деп сыр шертті оркестрдің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрсынбек.

Кейін оркестр орындауында аты елімізге кеңінен танымал сазгердің «Ақжауын» күйі жанды баурап, төгіліп сала берді. Ал автор Сарыарқаның кеңдігіндей шалқар сыр шертетін «Мәңгілік ел» күйін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнапты. Мұңлы, жүрекке жұмсақ тиетін «Аруана» күйі де тыңдармандарды бей-жай қалдырмады.

«Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің солисі Алтынай Мамырова Секен Тұрысбектің әуені мен сөзін жазған «Аққу сазы» әнін тамылжыта орындады.

Композитордың жаңа туындысы – Несіпбек Айтұлы мәтінін жазған «Қайран, өмір» әнінің тұсауын кескен Ерлан Рысқали көрермен сұрауы бойынша Молдабайдың әні «Молдабайды», Мұхиттың әні «Паңкөйлекті» нақышына келтіре шырқады.

Оркестр мүшелерінен Мира Тәстенова сазсырнаймен өнер көрсетсе, Бауыржан Мұхамбетбей сыбызғымен Халектің «Арман» күйін сызылтты. Өнер ұжымы, сонымен қатар, халық күйі «Бұлғын сусарды», Құрманғазының «Адайын», Төлеген Момбековтің «Салтанатын», Еламанның «Әсемқоңырын», Дэвид Уильямстің «Виктория» туындысын нақышына келтіре төгілтіп, жан тербетер қоңыр сазды қалықтатты.

Көпшілікті байыпты әңгімелерімен, зияпаттылығымен баураған Секен Кәрімұлы оркестр сүйемелдеуімен өзінің «Дарабоз», «Көңіл толқыны» күйлерін шертіп, ыстық қошеметке бөлеген көрермендерге, концерттің өтуіне демеушілік танытқан облыс әкімдігіне ризашылық танытты.

www.zhaikpress.kz

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале